“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыстық филиалында педагог кадрлардың біліктілігін арттыруға бағытталған оқу курстары өткізіліп келеді. Мен де өз білімімді, кәсіби шеберлігімді жетілдіру үшін үстіміздегі жылдың қараша айында балабақша тәрбиешілеріне арналған екі апталық “Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында заттық-дамытушы ортаны ұйымдастыруда М.Монтессори әдістемесін қолдану” тақырыбында педагог мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру курсына қатыстым. Курс барысында тәрбие-тағылымы мол, рухани құндылықтарға толы көптеген дәріс оқылды. Жеке тұлғаны жан-жақты дамыту, ең алдымен, тәрбиеші арқылы жүзеге асатынына көзім жетті.
М. Монтессори әдісі балаларға жауапкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдауына, топта да, өз бетінше жұмыс, таңдау жасай алуына, өз уақытын ұйымдастыра білуіне, өзіне сеніммен қарауына мүмкіндіктер береді, қолайлы жағдай туғызады.
Бүгінде елімізде балаларды М. Монтессори әдістемесі бойынша тәрбиелеп жатқан орталықтар мен балабақшалар жетерлік. Біздің облысымызда да аталмыш әдіспен жабдықталған балабақшалар бар. Бірақ олар санаулы ғана. М. Монтессори кабинетінде балалар жас ерекшеліктеріне сай құрал-жабдықтармен және дидактикалық материалдармен жұмыс жасайды. Бұл балаға дамудың жеке өзіндік жолын табуға және бойындағы табиғи қабілеттерін ашуға көмектеседі. Облысымыздағы әрбір аудан әкімдігі балабақшаға осы әдіспен жабдықталған кабинеттің болуына жәрдемдессе, нұр үстіне нұр болар еді.
Курс барысында теория мен практиканы ұштастыра отырып, жаңа технологияны және бағалаудың түрлерін үйрендік. Мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілері атынан біздің біліктілігімізді жетілдіруге жағдай жасап, маңызды да қажетті оқу курсын ұйымдастырған педагог қызметкерлерді даярлау институтының ұжымына үлкен ризашылығымызды білдіреміз.
Марина ВЕНИНГ.
Шал ақын ауданы.