
Шағын жинақталған мектептердің жұмыс және оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру – қазіргі заманның әлеуметтік-экономикалық және педагогикалық проблемасы. Сондықтан мұғалім ізденімпаз болуы керек. “Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады” дегендей, мұғалімнің ізденісі, жан-жақтылығы, құзыреттілігі оқушының білімі арқылы көрінеді. Осыған байланысты республика бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың үш деңгейлік (базалық, негізгі, ілгері) бағдарламасы оқушының өз бетімен алған білімін өмірде байланыстыра қолдана білулеріне жол ашып келеді. Яғни, оқушы мәліметті түсініп, талдап, оны өзінің әлеуметтік тәжірибесі тұрғысынан бағалай отырып, соның негізінде түсінігі, түйсінуімен байланысты жаңа білім құрастыруға дағдыланады, оны өмірде керегіне жаратады.
Өзімнің ауыл мектебінде қызмет етіп жүргеніме 20 жылдан асты. Мен де осы бағдарламаның ілгері деңгейін тамамдадым, жоғары санатты ұстазбын. Әрине, өзгерісті бірден қабылдау оңай болған жоқ. Дегенмен, “Сындарлы оқу” идеяларын мектепішілік тәжірибеде қолдану барысында оқушыларымның пәнге деген қызығушылықтары оянып, бойларынан өзгерістерді көре алдым. “Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушылардың тілдерін дамыту” атты әдістемелік жинағым жарық көрді.
Талап негізгі мектебінде он бес мұғалім еңбек етеді. Барлығы – өз пәндерінің мамандары. Олардың ішінде деңгейлік курсты бітірген үш ұстаз бар. Кембридж бағдарламасын бітіріп келген ұстаздар жаңаша оқытуда жеті модульді ықпалдастыра отырып, өз іс-тәжірибелерін курстан өтпеген өзге педагогтермен бөлісуде. Ол үшін біз коучингтер өткізіп, іс-әрекеттер зерттеулерін, тағы басқа арнайы сабақтарды өзге әріптестерімізге таратудамыз. Тәжірибе көрсеткеніндей, сабақ жақсы көңілкүй қалыптастырып, ұстаздар бір-бірімен ашық сөйлесіп, пікірлерімен бөліседі. Осы әдіс-тәсілдерді сабақтарда пайдалану өзінің нәтижесін беріп келеді. Балалар ашылып сөйлеп, өз ойларын еркін ортаға салуға жаттығады. Ауыл балалары көбінесе тұйық болады ғой, олардың сол ұяңдықтан арылуына, адамдармен қарым-қатынас жасап, топ алдында ұялмай сөйлеулеріне, тілдік қорларын жан-жақты дамытуларына жағдай жасаудамыз. Бұл әдіс-тәсілдер барлық сабаққа келеді, тек оны орынды пайдалана білу қажет.
Бүгінде мектептегі және аудандағы шығармашылық топтың құрамындамын. Өз мектебімізде бес мұғаліммен шығармашылық топ құрдық. Олардың арасында бастауыш сыныптың, математика, физика, химия пәндерінің мұғалімдері бар. Солармен бірге деңгейлік бағдарлама бойынша жоспарлы жұмыс жүргізудеміз.
Ұстаздардың арасында да жақсы тәжірибелерімен ерекшеленіп жүргендері де бар. Мәселен, математика пәнінен Ермек Мырзағалиева, бастауыш сынып мұғалімі Сандуғаш Рамазанова (ол аудандағы әдістемелік топтың байқауына қатысты) жаңа үлгідегі сабақтарды тез меңгеріп, жетістіктерге жетіп жүр. Оқу жылының соңында математика пәнінен аудан бойынша семинар өткіздік. Онда деңгейлік курстардан өтпеген ұстаздар біз үйреткен іс-тәжірибе бойынша өз сабақтарын көрсетті. Ол сабақтар аудан мұғалімдерінің көңілінен шықты.
Ұстаздарымыздың біліктілігі мен кәсібилігі арқасында мектеп түлектерінің көпшілігі мемлекеттік грант негізінде арнаулы оқу орындарында оқып, білімдерін жалғастыруда. ХХІ ғасыр оқушысын дайындау үшім мұғалім алдымен өзі сол деңгейден өтуі керек. Дегенмен, дәстүрлі білім мен қазіргі оқыту парадигмасының арасындағы айырмашылықтарды ескерген жөн. Егер әр мектепте тәжірибесі аз әріптестермен жұмыс істеу барысында сенімділік орнатып, жан-жақты әдістемелік көмек арқылы тәлім алушылардың өзін-өзі бақылауына, тыңдауына және дамуына мүмкіндік беретін болсақ, онда білім сапасының артатыны сөзсіз. Біздің үйрете жүріп, үйренеріміз айқын. Шағын ауылдардың өркендеуіне заман талабына сай білім берудің қосар үлесі зор.
Бақытжан БІЛӘЛОВА,
Талап негізгі мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің
мұғалімі.
Тайынша ауданы.