
Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік мектеп-лицей-интернаты – өңіріміздің сапалы білім, саналы тәрбие беріп отырған алдыңғы қатарлы білім ордасы. Онда ынтымағы жарасқан, айқын мақсат жолында жұмыс істейтін оқушылар мен мұғалімдер топтасқан. Сапалы білім беру үшін лицей ұжымы әрқашан жаңашыл қадамдарға ұмтылады. Үстіміздегі жылы мектеп директоры Ержан Әубәкіровтің бастамасымен Project Based Learning (PBL) білім беру жобасы қолға алынды. Бұл білім беру жүйесі әлемнің АҚШ, Қытай, Сингапур сияқты дамыған елдерінде қолданылады. Project Based Learning жобалау арқылы оқушылардың алған білімдерін өмірде пайдалануына жол ашады. Жаңа өмір талабына сүйенсек, біздің міндетіміз – ересек өмірге дайын, сенімді түрде енетін оқушы тәрбиелеу. Осы міндеттерді іске асыру үшін KATEV қорының қолдауымен Ержан Бейсембекұлы АҚШ-тың Калифорния қаласында білімін шыңдап келді.
Қазіргі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамып, кеңінен қолданылып жатқан заманда лицейде Edupage – оқу-тәрбие үдерісін электронды басқару технологиясы кеңінен қолданылады. Ата-ана мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін оқу жылының басында Edupage бағдарламасы енгізілді. Бағдарламаның тиімділігі – ата-аналармен онлайн байланыс болуында. Әр ата-ана баласының сабақ кестесін, оқу жетістіктерін, күнделікті бағаларын электрондық журналдан ұялы телефон арқылы көріп отырады. Сонымен қатар, Edupage технологиясы арқылы онлайн емтихан өткізуге де мүмкіндік бар. Ол үшін оқушының қолында интернетке қосылған ұялы телефон болса жеткілікті.
Ұстаздардың жоспарлы, оқушылардың жүйелі дайындығы мен тынымсыз еңбектерінің нәтижесін Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында жыл сайын көріп жүрміз. Биылғы жылы да тұғырымыз жоғары (орташа ұпай – 104,5). Түлектеріміздің бесеуі “Алтын белгі”, төртеуі үздік аттестатқа ие болды. Әсел Шарапова облыс бойынша ең жоғары 123 ұпайды жинады. Алайда, қазіргі қоғамда жеке тұлғаға шығармашылық, белсенділік, әлеуметтік жауаптылық, жоғары зияткерлік, терең білімділік, кәсіби сауаттылық талаптары қойылады.
Оқушыларымыз республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарында өз білімдерін дәлелдеп жүр. Сапалы білім алып, өз дәрежелерін әртүрлі сайыстарда үздік көрсетіп жүрген оқушылар мектепті аяқтаған соң алыс-жақын шетелдердің, Қазақстанның таңдаулы жоғары оқу орындарына оқуға түседі. Биылғы оқу жылын аяқтаған оқушылар ішінде 35 мектеп түлегі жоғары оқу орындарының мемлекеттік гранттарын иеленді. Олар заман талабына сай, еңбек нарығында сұранысқа ие, еліміздің өркендеуіне септігін тигізетін мамандықтарды таңдады.
Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік мектеп-лицей-интернаты оқу үдерісіне осындай жаңашылдықтарды енгізе отырып, білімнің талай шыңдарына жетіп жүр. Лицейде оқитын дарынды, қабілетті ұл-қыздарымыз болашақта егемен елімізді өркендетуге өз үлестерін қосады деген сенім бар.
Әсел ТОПЫШЕВА,
дарынды балаларға мамандандырылған облыстық
қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.