Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында білім саласына да жаңашылдықтарды енгізу заман талабы екенін баса айтты. Мемлекет басшысы болашақ кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру талабын қойып отыр. Сонымен қатар, “Тілдің үштұғырлылығы” жобасы аясында қазақ, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген жастарды тәрбиелеу міндеті жүктелген. Әрине, ол үшін оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру қажет. Бүгінгі күні тәжірибеде оқытудың көптеген үздік әдіс-тәсілдері бар. Мен “Дәстүрлі және жаңа инновацияларды сабақтастыру арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру, шығармашылық қабілетін жетілдіру” әдістемелік бағытында жұмыс жүргіземін. Менің мақсатым – оқушыға оқу үрдісін ұйымдастыру барысында шығармашылыққа бейімдеу, баланың қабілетін ашу.
Қазіргі уақытта елімізде әлемдік білім кеңістігіне бағыт алған жаңа білім беру жүйесі қалыптасуда. Сондықтан, жан-жақты тұлға қалыптастыруға оқу орындарының материалдық-техникалық базасының да ықпалы зор. Біздің колледжде қазақ тілінің екі мультимедиалық кабинеті бар, интерактивті тақта, электронды оқулықтар сатып алынды. Бұл оқытудың озық үлгілерін үйренуге мүмкіндік беріп отыр. Ақпараттық технологияларды қолдану сабақты түрлендіріп өткізуге көмегі зор әрі оқушылардың пәнге деген ынта-ықыласын арттырады. Біріншіден, электронды оқулықтағы лексикалық тақырыптарды оқушы тыңдайды, қайталайды, тыңдап отырып өз бетінше диктант жазады, сөз тіркестерін құрап, қатемен жұмыс түрлерін орындайды. Екіншіден, проблемалық сұрақтар қою арқылы оның жауабын өзі, соңынан жұппен, топта талқылау арқылы шешімін табу оқушы тілін, қабілетін дамытудың, әрі шығармашылығын байытудың бірден-бір жолы. Үшіншіден, мұғалім көрнекілік жасап жатпайды. Әрине, мұндай тіл дамыту жұмыстарын дәстүрлі әдістерді қолдана отырып, орындауға болады. Алайда, мультимедиалық кабинетте күнделікті білім алатын топ оқушыларының оқу сапасы да әрі сабаққа деген ынталары да жоғары. Яғни, жаңа технология элементтерімен дәстүрлі әдістерді сабақтастыра жүргізген сабақ, шынымен де, оқушының білімін толықтырып, пәнді тереңірек білуге деген ынтасын оятады. Жаңашыл ұстаздар ғана қазақ тіліне жетік шәкірт тәрбиелей алады, сондықтан әріптестеріме жауапкершілік үдесінен көріне білейік дегім келеді.
Дәметкен САДЫҚОВА,
Петропавл машина жасау колледжінің қазақ тілі
мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.