«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАШЫЛДЫҢ ЖОЛЫ АШЫҚ

Өңіріміздің басшысы Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың баспа­сөзде жарияланған Солтүстік Қазақстан облысының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2020 жылға арналған негізгі міндеттер туралы есебімен танысқаннан кейін уақыт жайлы ойланып қалдым. Шыны сол, уақыттың мәні мен маңызына әр кез терең бойлай бермейміз ғой. Қазақ ақыл-ойының асқар шыңы данышпан Абай: “Өмір – мұхит, уақыт – толқын”, – депті. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев та: “Уақытты тоқтатар шамаң бар ма? Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да”, – деп бәріміздің де уақытқа тәуелді екенімізді еске салады. Иә, от қанатты уақытта тоқтау жоқ. Толқынды толқын қуып, тек алға ұмтылады, бөгелу дегенді білмейді. Жасыратыны жоқ, арамызда сол толқын алып қашқан жаңғақтай ғұмыр кешетіндер де, өмірді өтпейтіндей көріп, бүгін тындырылуға тиіс істі ертеңге қалдыра беретіндер де бар. Сол сияқты уақыт шіркінге дес бермей, қайтсем оны ел игілігіне дұрыс пайдаланамын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, жансебілділігімен басқа шауып, төске өрлеп жүргендер де жоқ емес. Солардың бірі бүгінгі таңда өңіріміздің тізгінін нық ұстап отырған Құмар Іргебайұлы Ақсақалов десем, қателеспейтін сияқтымын.

Құмар Ақсақалов – біздің облы­сымыздың тарихындағы (1937 жылдан бергі) 24-ші басшы. Өз басым солардың он бірін көріппін. Облысымызда он алты (1965-1981) жыл билік құрған Василий Петрович Демиденконың тұсындағы тіршіліктен де хабарымыз бар. Ол бір басшы да, қосшы да кемелденген социалистік қоғамда өмір сүріп жатырмыз, коммунизмнің төбесі көрініп тұр деп даурыққан заман еді ғой. Тәуелсіздік таңы атып, бесжылдық жоспарлардың, орталықтан нұсқау болмаса, саусағын қыбырлата алмайтын “қуыршақ” басшылардың да дәурені өтті. Өкініштісі сол, олардан қалған мұра елдің көсегесін көгерте алған жоқ. Әсіресе, нарыққа өтпелі кезең қазақ ауылдарына үлкен соққы болып тиді. Өйткені, олар кеңестік заманда жетім баланың күйін кешкен еді. Қазақ ауылдарына шаруашылықтардың орталықтарындағы сияқты дұрыс мектеп, дәрігерлік пункт, Мәдениет үйлері салынған жоқ. Шалғайдағы ауылдардың тұрғындары жол азабын да тартты, таза ауызсудан да тарықты. Сол кездегі басшылар техниканың ескі-құсқысын қазақ ауылдарына итке сүйек тастағандай жылжыта салатын. Осындай солақай саясаттың аяғы неге әкеліп соқтырғанын бәріміз де жақсы білеміз. Қазір олардың өздерінің де сайда саны, құмда ізі жоқ. Тағдыр дейсің де қоясың. Солардың жолын құшып, тағдырын жеңіл-желпі ағымдағы жұмыстарға байлаған басшылар тәуелсіздік жылдары да аз болған жоқ.
Бәріне халық төреші. Басшылардың ісін бағалайтын да, сынайтын да халық. Сынағанда олар айғайлап көшеге шықпайды, жақсылығы өз ағайынынан артылмаған табан астын ғана көретін таяз басшыларды жадынан тез өшіріп тастайды. Керісінше, халықтың көкейіндегі мәселелерді шеше білгендерді өз орталарында жиі еске алып, есімдерін де, тындырған істерін де жаңғыртып отырады. Мәселен, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровтың облыс басшылығынан (2003-2007) басқа қызметке ауысқанына он үш жыл болып қалды. Бірақ халық оны ұмытпайды, барған жерде сұрап жатады. Мұның бәрін мен неге айтып отырмын. Қолына үлкен билік тиіп, атқа қонған азамат еліне, халқына адал қызмет етіп, артына із қалдыруы керек.
Құмар Іргебайұлы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне 2017 жылдың наурыз айында кірісті. Президент Әкімшілігінің басшысы өңірдің жаңа әкімін облыс активіне таныстырғаннан кейін сөз алған ол: “Осы залда отырған азаматтардың біразымен таныспын. Адал қызмет етіп, Елбасымыз алға қойып отырған ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға дайынмын”, – деген болатын. Еңбек жолын кеңшардың бас инженері қызметінен бастаған В.П.Горячкин атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы өндiрiсi инженерлерi институты түлегінің бұлай сенімді сөйлеуі негізсіз емес еді. Ол шаруашылық, Қостанай облысына қарасты Меңдіқара және Таран аудандарын басқарған, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, “Nur Otan” партиясының хатшысы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары сынды жауапты лауазымды қызметтер атқарған, бір сөзбен айтқанда, басқарудың барлық буындарынан өткен білікті де білімді маман болатын. Оның үстіне экономика ғылымдарының кандидаты деген атағы тағы бар.
Солтүстікқазақстандықтар облыстың жаңа әкімінің Қызылжар топырағындағы алғашқы қадамы қалай басталғанын ұмыта қойған жоқ. Сол жылы қардың қалың түскені соншалық, Есіл ғана емес, көлдердің өзі арнасынан шығып, көптеген елді мекендерді су басып қалу қаупі төнді. Осылай табиғаттың тосын мінез танытуы Құмар Іргебайұлы үшін үлкен сын болды. Бірақ ол абдыраған жоқ, күн демей, түн демей керзі етікпен су кеше жүріп, тасқынның алдын алуға бағытталған жұмыстарды шебер үйлестіре білді. Оның іскерлігі, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті сол кезде-ақ байқалған.
Содан бері үш жылға толар толмас уақыт өтті. Осы кезеңде Құмар Іргебайұлының басшылығымен жүзеге асырылған істерді таразы басына тартар болсақ, әр жылдың өңіріміз үшін айшықты оқиғаларға, толағай табыстарға толы болғанына көз жеткіземіз. Сондай маңызды оқиғалардың бірі “Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері” тақырыбындағы Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы еді. Қызылжар осынау форумның мәртебелі меймандарын облыс әкімінің тікелей басшылы­ғымен жаңадан салынған Оқушылар сарайында қарсы алды. Қазір бұл нысан жас ұрпақтың зияткерлік даму орталығына айналып отыр.
Өңір басшысы өзі өткізген алғашқы жиналыстардың бірінде облыс орталығын заманауи, сәнді де ыңғайлы қала ету қажеттігін баса айтқан еді. Кешікпей айтылған сөз нақты іске айналды. Қалада көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысын дамыту тұжырымдамасы қабылданып, Жамбыл көшесінің қалаға кіреберіс бөлігіндегі ескі үйлер жедел-ғабыл сүрілді. 2018 жылы олардың орнына 1000 орындық теннис орталығы, көпқабатты тұрғын үйлер салынды. Ал 2019 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 7,6 пайызға артып, 86,8 млрд. теңгені құрады. Нақ осы жылы 250,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осылайша пәтер кезегінде тұрған 700 отбасы баспаналы болды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек. 2020 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үймен 3000 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қай саланы алсақ та осындай өркенді өзгерістерімен қуантады. Облыста 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілген. Үш ауысымда оқытуды болдырмау үшін Петропавл қаласында өткен жылы 1500 орындық – 2, 900 орындық бір мектеп іске қосылды.
Әкімнің айтуынша, жақында Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ-дің заманауи оқу-зертханалық корпусының құрылысы басталмақ. Онда 68 заманауи зертхана жұмыс істейтін болады. Бұл студенттер санын 1,5 есе арттырып, оны он мыңға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сол сияқты биыл әскери институтта да заманауи оқу корпусы салынбақ.
Солтүстік Қазақстан облысының тарихында дәл бүгінгідей барлық салалардың үйлесімді, біркелкі серпінді дамуы бұрын-соңды байқалған емес. Жетекші сала – ауыл шаруашылығындағы жағдайда жылдан-жылға жақсара түсуде. Облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есебінде соңғы төрт жылда, тұтастай алғанда, бұл саладағы жалпы өнім көлемі 1,5 есе өскені атап көрсетілген. Бұл табысқа диқандарымыздың қосқан үлесі де қомақты. 2018 жылы агротехнологиялық талаптарды қатаң сақтау, минералдық тыңайтқыштарды енгізу және техниканы жаңарту нәтижесінде гектар шығымдылығын 18,7 центнерге жеткізіп, қамбаға 5,2 млн. тонна астық құйған олар ауа райы қолайсыз болған өткен жылы жалпы түсімді 5 млн. тоннадан кеміткен жоқ.
Осындай серпіліс мал шаруашылығына да тән екенін айту – біз үшін зор сүйініш. Өткен жылы сүт өндірісі – 2,3 пайызға, ет өндірісі 3,5 пайызға артқан, 1600 бас сиырға арналған үш заманауи сүт кешені пайдалануға берілді. Биыл осындай 10 тауарлы-сүт фермасын салу, соның есебінен сүт өндіру көлемін 580 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Облыс басшысының есебінде айтылғандай, 2019 жылы “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында 26 мың адам тұрып жатқан 3 елді мекенде 19 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, солардың 17-сі толық орындалған. Сол сияқты былтыр жолдарды жөндеуге 30 млрд. теңге бөлініп, соңғы 2 жылда елді мекендерге 409 шақырым су құбыры тартылған. Нәтижесінде 50 мыңнан астам тұрғыны бар 72 ауылды сумен жабдықтау жақсарған. Осы уақыт ішінде бұл мақсатқа 9,1 млрд. теңге бағытталыпты. Сөйтіп, облыс тұрғындарының 90 пайыздайы таза ауызсуға қол жеткізді.
Осы мысалдардың өзі-ақ бүгінгі таңда біздің облысымыздың жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар алаңына айналып отырғанын айғақтайды. Әрине, табыс өздігінен келмейді. Ол үшін заман талабын ескере отырып, тың жобаларды іске қосу керек. Жаңа міндеттерді ескі әдістермен шешуге болмайтынын жадына түйген Құмар Іргебайұлы бұл ретте де өзін заманауи менеджер ретінде танытуда. Оған облысымыздың 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының қабылдануы нақты дәлел бола алады. Бәріміз білеміз, мұндай күрделі, қыруар қаржыны талап ететін жоспарлар өмірге жиі келе бермейді. Және оны жасап, қорғап шығу үшін жаңашылдық, зор жауапкершілік, сенім, ерік-жігер керек. Облысымыздың әкімі өңірлер басшылары арасында осындай қасиеттерімен дараланып, батыл қадам жасаған еді. Бағалы бастаманы Елбасымыз қолдады. Енді, міне, ол өзінің алғашқы жемістерін бере бастады. 2019 жылы өңіріміздегі күрделі мәселелерді шешуге 92 млрд. теңге жұмсалыпты. Бұл – ауыз толтырып айтарлық нәтиже, ірі жеңіс!
Өткен жылдың қазан айында Үкiмет қаулысымен Солтүстік Қазақстан облысында “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы құрылды. Жалпы көлемі 192 гектарды құрайтын аумақ машина жасау, электроника, құрылыс материалдарын әзірлеу, азық-түлік өнімдерін шығару және өңдеу салаларын қамтымақ. Бұл аймақ Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлеріндегі кәсіпкерлердің ынтымақтастық байланысын нығайту, 160 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартып, 3 мың жұмыс орнын ашу мақсатында құрылып отыр. Бір атап өтерлік жай инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер жасалмақ. Өңдеуші өнеркәсіп бағытында жұмыс істейтін компанияларды 10 жылға дейін корпоративтік табыс салығынан және жер, мүлік салығынан босату мүмкіндігі қарастырылған. Барлық инвесторларға коммуникациялық желілерді тарту бойынша қолдау көрсетіледі. Беделді сарапшылар бұл қадамды тартымды жоба ретінде бағалауда. Айтса айтқандай, қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын әлемге танымал немістің “Class” концернімен, көпсалалы облыстық аурухана құрылысын жүргізетін түркиялық “YDA Holding” және электротехникалық жабдықтар шығаратын “Alageum Electric” компаниясымен келісімшарт жасалды. Бұл компаниялар өңір экономикасына 90 млрд. теңге инвестиция құйып, 1,5 мың жұмыс орнын ашпақшы.
Көпбейінді аурухана – “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағының негізгі жобаларының бірі. Ол бас қаламызды есептемегенде, Қа­зақстандағы JCI жүйесі бойынша салынған алғашқы аурухана болмақ. Жобаны түрік инвесторы “YDA Holding” 2022 жылдың ортасына таман мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асырады. Нысанның құны – 50 млрд. теңге. 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта түрік компаниясы аурухананың құрылысына кірісіп те кетті.
– “YDA” тобы Қазақстанда 18 жылдан бері үзбей жұмыс істеп келеді. Құрылысқа мыңнан астам адамды жұмылдырмақ ойымыз бар. Ондаған жаңа заманауи бөлімшесі бар аурухана 530 орынға шақталған. Сондай-ақ, қонақүй және дәрігерлерге арналған тұрғын үй, басқа да қажетті нысандар салынады, – дейді “YDA” АҚ-ы директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Арслан.
Біз, журналистер халық арасында жиі боламыз. Олар бізге сенеді, сырын да айтады, мұңын да жасырмайды. Осындай кездесулердің барысында тұрғындар облыс әкімінің қоғамдағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған қызметіне, халық үніне құлақ асып отыратынына ризашылық білдіріп жатады. Расында да, бұл орайда облысымызда жақсы тәжірибе қалыптасқан. Ай сайын өтетін “Ашық есік күні”, әкімдік отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуі, бірінші басшылардың әлеуметтік желілерде жеке парақшалар ашуы, тағы басқа тың жобалар – мемлекеттік органдардың өз қызметтерінің ашықтығы мен жариялылығына басымдық беріп отырғанының нақты көрінісі.
“Қол жеткенге тоқмейілсімей, жаңа биіктерді бағындыруымыз, Елбасымыз, Президент алға қойып отырған басты мақсат ха­лықтың тұрмыс деңгейін барынша жақсарту үшін қоғам болып, жұдырықтай жұмылып еңбек етуіміз, өңіріміздің әлеуетін барынша арттыра түсуіміз керек”. Бұл – облыс әкімінің әр кездесу сайын айтатын сөздері.
Солтүстікқазақстандықтар уақытты уысында ұстай білетін іскер ұйымдастырушы, білікті басшының талай биіктерді бағындыратынына сенімді.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp