«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА АҚША-КРЕДИТ САЯСАТЫ

Қазақстанның 20 тамыздан бастап еркін өзгермелі айырбас бағамына көшкені белгілі. Қазақстан валюта биржасының негізгі сауда сессиясында теңгенің орта теңгерімді бағамы бір долларға 188,38 теңгенің орнына 255,26 теңге деңгейінде қалыптасты. Соған орай ҚР Үкіметі инфляциялық таргеттеу және валюталық дәліздің күшін жою негізінде жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға кірісу туралы шешім қабылдады.

Мұнай-газ секторы ел экономикасының ширектей бөлігін алатындығын, ол жылдық экспорттың 69,8 пайызын құрайтындығын және жыл басынан бері мұнай бағасы 18,5 пайызға кемігенін ескеретін болсақ, теңгенің құнсыздануы қажеттірек болып көрінеді.  

Бұл жағдайда Қытай юанінің құнсыздануы маңызды теріс фактор болып табылады, өйткені Қытай Қазақстанның негізгі инвесторы, ол отын инфрақұрылымына және шикізат жобаларына ондаған миллиард доллар салды, тағы да салғалы отыр.

Қазақстан экономикасындағы теріс үрдіс бәрінен бұрын оның шикізаттық сипатына байланысты. Экономикадағы жағдай 2014 жылдың соңына қарай нашарлай бастады, оған екі негізгі фактор: мұнайға әлемдік бағаның түбегейлі төмендеуі мен Ресей рублінің құнсыздануы әсер етті. Алдын ала жасалған қорытынды бойынша Қазақстанның ЖІӨ-нің 2015 жылғы бірінші жартыжылдықтағы өсімі 1,7 пайыз (3) деңгейінде қалыптасты. Салыстыру үшін Ресей мен Беларусьта ЖІӨ бірінші жартыжылдықта өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда сәйкес түрде 3,4 және 3,3 пайызға (5,6) төмендеді.

2015 жылғы қаңтар-маусымда өнеркәсіп өте әлсіз өсімді көрсетті, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 100,6 пайыз. Тұтастай алғанда өнеркәсіп бойынша өндіріс көлемі ақшаға шаққанда – 26, шикі мұнай мен табиғи газ өндіру көрсеткіші – 43, металл кенін өндіру 23 пайызға азайды. Осының бәріне негізгі шикізат тауарлары бағасының төмен болуы әсер етті.

Экономикалық жағдайдың нашарлауы мемлекеттік қаржы жағдайына теріс әсерін тигізді. Мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 2015 жылғы қаңтар-маусымда 2 017 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімінен 14,2 пайызға төмен. Бұл жағдай ҚҚС-дан түсетін түсімге де кері әсер етті. Одан мемлекеттік бюджетке 304,5 млрд. теңге ғана түсті, яғни өткен жылмен салыстырғанда 43 пайызға құлдырады.

Экономикасы дамыған көптеген елдер экспортты ынталандыру және өздерінің орталық банктерінің жаппай интервенцияға ұшырамауы үшін өз валюталарын әлсіретті.

2014 жылдың екінші тоқсанында АҚШ долларына қатынасы бойынша негізгі әлемдік валюталардың құнсызданғаны байқалды. Мысалы, РФ рублінің бағамы мұнай бағасы мен халықаралық санкциялар тарапынан көрсетілген қысымға байланысты – 91,8 пайызға, АҚШ доллары үшін 67,2 рубльге дейін төмендеді, белорус рублі 2014 жылы екінші тоқсаннан бастап долларға қарағанда – 52,9, еуро 22,8 пайызға арзандады, ал жапон йенасы 19,7 пайыз құнсызданды.

Оңтүстік Корея юань құнсызданғаннан кейін үстіміздегі жылдың тамыз айында өзінің ұлттық валютасын америка долларына шаққанда 1,190 вонаға дейін әлсіретті, яғни ол 2,36 пайызға арзандады. бұл 4 жыл ішіндегі ең күрт құлдырау болып табылады. Барынша белсенді сатылатын 20 валютаның бағамын бақылайтын Bloomberg индексі жыл басынан бері 10 пайызға құлдырады.

Азия-Тынық мұхиты өңірлерінің көптеген елдері Сингапур, Тайвань долларларын, Малайзия ринггиті мен Индонезия рупийін қоса есептегенде өз валюталарын құнсыздандырды.

Осыған орай дамыған елдер мен дүниежүзі экономикасының өсімі деңгейінің төмендеу беталысы сақталуы мүмкін, онда ол ортамерзімдік болашақта әлемдік валюта бағамының әрі қарай төмендеуіне әкеліп соқтыруы ғажап емес.

Инфляциялық таргеттеуге негізделген жаңа ақша-кредит саясатын іске асыру экономикалық саясаттың стратегиялық міндеттерін – отандық экономиканың ұзақмерзімді орнықты өсуіне, инфляцияның төмен деңгейіне қол жеткізу, жұмыспен қамту деңгейін арттыру және ел халқының әл-ауқатын жақсарту міндеттерін шешуге ықпал ететін болады.

Райхан ӘБДІРАХМАНОВА,

“Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ филиалының директоры, облыстық

 мәслихаттың депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp