
Петропавлдағы көтерме-сауда орталықтары жаңғыртылып, жаңа жұмыс орындары пайдалануға берілмек. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру барысымен танысты.
Көтерме-сауда орталығы базарының басшысы Александр Фоминнің айтуына қарағанда, қала тұрғындарын сапалы әрі арзан тауарлармен қамтамасыз етіп келе жатқан аталмыш базар жағдайы бүгінде сын көтермейді. “Сол себепті орталықты қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алып отырмыз”, – деген базар басшысы алдағы уақытта көтерме-сауда орталығының жаңа жерге көшірілетінін жеткізді. Жалпы алаңы 12 мың шаршы метрді құрайтын сауда орны Астана-Зауыт көшелерінің қиылысына орналастырылмақ.
Базар құрылысын 2015 жылдың соңында бастап, бір жыл ішінде аяқтау жоспарланған. Өңір басшысы қаржыландыру мәселесі шешілген соң құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау керектігін баса айтты.
Ерік Сұлтанов “Егемен Қазақстан” көшесі бойындағы көтерме-сауда базарын ұйымдастыру жұмыстарымен де танысты. “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Есжан Оразалин жақын уақытта базар аумағында сауда орындарының пайдалануға берілетінін айтты.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.