“Ана үйі” қоғамдық қоры бүгінгі таңда Қазақстанның барлық қалаларында іске қосылған. Қайырымдылық қоры қиын жағдайға тап болса да, бауыр еті баласынан бас тартпаған аналарға көмектесіп, оларды қолдауды және әлеуметтік жетімдіктің алдын алуды мақсат етеді. Аталмыш үйде ана мен сәбиі 1-1,5 жылдай уақыт тұра алады. Осы аралықта оларға қайырымдылық жобасына мұрындық болған бизнесмендер қолдау көрсетеді.
Қазіргі таңда Петропавл қаласындағы дағдарыс орталығында 9 ана сәбилерімен бірге тұрып жатыр. Петропавл қаласындағы “Ана үйі” қоғамдық қорының жұмысын басқарушы Ғалия Балтабаева өткен жылдың қараша айында өңірлік кәсіпкерлер палатасына барып, қиын жағдайға тап болған аналарды қолдауға байланысты өз ойын ортаға салған еді. Соның нәтижесінде облыстық кәсіпкерлер палатасы жас аналарды дағдарыс орталығында компьютерге үйрету жөнінде М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж ұжымымен келісімге келген. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы оларды компьютермен қамтамасыз еткен. Жаңа жыл қарсаңында 7 жалғызбасты ана қысқа мерзімді курсты тамамдап шықты. Облыстық кәсіпкерлер палатасы және гуманитарлық колледж өкілдері оларға сертификаттар табыс етті.
Сертификат алған жас аналарды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов қос мерекемен құттықтап, Жаңа жылда жақсылық тіледі. Облыстық кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Владимир Литвиненко да жаңа мамандық алуға ниет білдіргендерді құттықтап, оларды алдағы уақытта қажет болса, жұмысқа орналастырып, сонымен қатар оқуларын жалғастыру үшін қолдан келгенше қолдау көрсететіндерін тілге тиек етті. Осы бағытта бірінші рет қолға алынған ортақ мақсатқа атсалысқандары үшін В.Литвиненко М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж ұстаздарына Алғыс хат тапсырып, алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсынысын жеткізді.
“Ана үйі” қоғамдық қорының жұмысын басқарушы Ғалия Балтабаева және жас аналар қайырымдылық шарасын жүзеге асырып, сәбилеріне және өздеріне сыйлық жасаған азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының
баспасөз хатшысы.