Кеше Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Департамент басшысы Шыңғыс Қабдула журналистерге өткен жылдың соңында құрылған мекеменің алдына қойып отырған міндеттері, осы уақыт ішінде атқарылған жұмыс жайында баяндап берді.
Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде облыста белсенді жұмыс істейтін 9 жастар ұйымымен бірлескен іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылған. Департамент жанынан мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қоғамдық кеңес құрылған. Оның құрамында мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің, құқық қорғау органдарының өкілдері бар. Кеңес мүшелері тұрғындарға қызмет көрсету орталықтарындағы, билік органдарындағы мемлекеттік қызмет сапасын тұрақты бақылауда ұстайды. Мемлекеттік лауазымда еңбек ететін тұлғалардың қызметтік көліктерін өз мүддесі үшін пайдалануды болдырмау мақсатында рейдтер жүргізіліп тұрады. Кәсіпкерлер палатасы, прокуратура, қаржыны бақылау органдары, жұртшылық өкілдерінен құралған ведомствоаралық комиссия сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолында жұмыс атқаруда. Департамент ашқан бизнесті қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес форумалаңшасы сайттары арқылы тиімді жұмыс атқарылмақ. Алдағы уақытта бұл бағытта БАҚ өкілдерімен тығыз байланыс орнатылмақ.
Шыңғыс Қайыпұлы журналистердің сұрақтарына жауап беріп, сыбайлас жемқорлықпен күрестің нақты мысалдарын келтірді. Жуырда облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің жауапты тұлғасына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ол қызмет бабын пайдаланып, жеке кәсіпкерден 8000 АҚШ доллары мөлшерінде ақша бопсалаған кезінде қолға түскен. Петропавл қалалық соты оны әзірге кепілге босату туралы шара қолданды, іс өндіріске алынды. Сол сияқты мемлекеттік сатып алуға да тұрақты мониторинг жүргізіліп, сыбайлас жемқорлық фактілерінің алды алынуда. Соның нәтижесінде тиісті органдарға 6 ұйғарым жіберіліп, 128 миллион теңгенің негізсіз конкурстарының күші жойылды. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары С. Тастеміровке, “Ақ бұлақ” МКК директорының міндетін атқарушы Е. Ташмақановқа ескерту ретінде әкімшілік жаза қолданылды.
Департамент басшысы алдағы уақытта қоғамдық кеселмен бірлесіп күресу үшін жұртшылықпен іс-қимыл үйлестірілетініне сенім білдірді.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.