Елімізде “5-10-20” бағдарламасы бойынша баспаналы болғысы келетіндерден өтініштер қабылдау басталды. Жаңа бағдармаланың артықшылықтары жайлы “Qyzyljar” телеарнасында тікелей эфирде өткен брифингте “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалы директорының орынбасары Райхан Әбдірахманова мәлімдеді.
Аталмыш қаржы институты жүзеге асыратын қанатқақты жоба “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыты болып табылады. Ол баспаналы болуды армандаған қазақстандықтарға жеңілдетілген шарттармен несие беру мақсатында әзірленген.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес әзірленген жобаны жүзеге асыру үшін ел бюджетінен 390 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражат ел бойынша 7-8 мыңдай отбасыны баспанамен қамтуға бағытталады. Қазіргі уақытта “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалы 6 млрд. теңгенің траншын алып үлгерді, – дейді Райхан Тілекқызы.
Брифингте “5-10-20” бағдарламасына кімдер қатысады деген сұрақ қойылды. Баяндамашының айтуынша, бірінші кезеңде 1986-2010 жылдар аралығында баспанаға мұқтаж азаматтар ретінде кезекке тұрған қазақстандықтар ғана қатыса алады. Бағдарлама қатысушылары жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайтын заемды алу үшін қаржы институтындағы шотында пәтер құнының 10 пайыздық бастапқы жарнасын жинауы керек. Несиелендіру мерзімі 20 жылды құрайды. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты айда отбасының әр мүшесіне санағанда бір айлық табысы 101271 теңгеден аспауы тиіс. Яғни, отбасының әр мүшесіне шаққанда ай сайынғы табыстың мөлшері 3 күнкөріс шегінен аспаса, онда олар “5-10-20” бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алады. Аталмыш бағдарлама аясында пәтерлерді тек жаңа салынған тұрғын үйлерден ғана алуға болады.
– Әкімдік кезегінде тұрған азаматтар өтініштерін 17 тамыздан бастап 16 қыркүйекке дейінгі аралықта банктің ресми сайты арқылы электронды түрде бере алады. Бұл “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы клиенттеріне де, әзірше банктен депозит ашқанымен, клиенттердің қатарына қосылып үлгермеген тұрғындарға да қатысты, – дейді Райхан Әбдірахманова.
Қазіргі уақытта тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі біздің өңірде 160 мың теңге мөлшерінде белгіленген. Жеке құрылыс компаниялары салған үйлерден сатып алынатын пәтерлердің бағасы 12 млн. теңгеден аспауы тиіс. Мәселен, солтүстікқазақстандық отбасы жоба аясында 10 млн. теңгенің пәтерін сатып алатын болса, бастапқы жарна 1 млн. теңгені құрайды. Жоба талабына сәйкес клиент алғашқы 8 жылда ай сайын – 77666 теңгеден, ал кейін 38859 теңгеден төлем жасауы керек.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.