«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА БАҒДАРЛАМАДАҒЫ ЖҮЙЕСІЗДІКТЕР

 

Еліміздің орта білім беру жүйесін жаңартылған мазмұнға көшіру үрдісі жоспарға сай жалғасуда. Биылғы оқу жылынан бастап 4, 9 және 10-сынып оқушылары жаңартылған бағдарламамен оқып отыр. Сәйкесінше жаңа және типтік оқу бағдарламасы енгізіліп, оқушылардың жүктемесі азайды. Бірақ осыған орай бірқатар мәселе туындап отыр. 

Бұл өзгерістер мұғалімдердің оқу үрдісін ұйымдастыруына кедергі келтіруде. Әсіресе, тарих пәнінің оқулықтарына қатысты мәселелер білім саласы мамандарының арасында қызу талқылануда. 

Жаңа бағдарламаға орай оқытылатын “Атамұра”, “Мектеп” және “Алматы кітап” баспаларынан шыққан оқулықтар бір-біріне мазмұны мен құрылымы бойынша сәйкес келмейді. Нәтижесінде кейбір параграфтар мен тақырыптар оқытылмайды. Сонымен қатар авторлар мен баспалардың оқулықты әзірлеуде тұжырымдамалық тұрғыдан әртүрлі тәсілдерді пайдаланғаны айқын аңғарылады. Бұл аталған пәннің жілігін шағып, майын ішкен тәжірибелі мұғалім үшін қиындық туғызбағанымен, жас мамандар мен оқушылар, тіпті, ата-аналар үшін түсініксіз болуы мүмкін.
Тарих пәнін бесінші сыныпта оқыту барысында көңіл аударатын жайттар бар. Бесінші сынып оқушыларының ойлау қабілетінің ерекшелігі сол – ол берілген материалды меңгеру үрдісінде механикалық қана емес, мағыналық есте сақтауды қолданады. Яғни, бала алған білімінің арасында логикалық байланыс орнатуы тиіс. Бір тақырыптың немесе параграфтың болмауы оның ақпаратты дұрыс меңгеруіне кедергі келтіреді.
Оқулық бағдарламасындағы олқылықтар 7 және 8-сыныптарда да кездеседі. Мәселен, өткен жылы 7-сынып оқушыларына орта ғасырлардағы тарихты оқыттық. Ал биыл екі сыныпта да жаңа замандағы тарих оқытылады. Яғни, былтыр мұғалімдер пайдаланған оқулықтар осы жылы жарамсыз болып қалды. Биыл бұл сынып үшін жаңа оқулық шығарылмағандықтан бізге 8-сыныптың оқулығын пайдалануға болатындығын айтты. Алайда, оқулық екі сыныптың оқушыларына жетпейді. Балалардың басым бөлігінде оқулық жоқ болғандықтан, үй тапсырмасын орындау қиын. Оқушының бағдарламаны меңгере алмау қаупі де осыдан туындап отыр. Соның салдарынан аталған пәннен үлгерімі төмендеп, емтихан жұмыстарына да кері әсерін тигізуі мүмкін.
Осындай түсінбеушіліктерді жою мақсатын­да облыстық білім басқармасы тарих пәнін оқытудағы өзекті мәселелер бойынша әдістемелік семинарлар ұйымдастыруды қолға алды. Облыстағы білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы аталған пән мұғалімдері арасынан түсіндірме жұмыстарын жүргізетін арнайы топ құрды. Сонымен қатар оқулық жетіспеушілігін электронды кітаптарды пайдалану арқылы шешуге болады. Осы орайда Білім және ғылым министрлігінің “Жеңіл портфель” жобасын жүзеге асыруды қолға алдық.

 

Роза СӘРКЕН,
білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp