Түмен облысының қазақ ұлттық-мәдени автономиясы қазақ тілінің онлайн сабақтарын ұйымдастыруда. Бүгінде облыстың төрт қаласындағы 4 мектепте ана тілі қашықтан оқытылуда.
Түмен қаласындағы №65 мектепте оқитын Самира Ауғалиева өзге сыныптастары сияқты үйде қашықтан білім алуда. Жалпы білім беретін пәндерден басқа оның аптасына екі рет қазақ тілін онлайн үйренуге мүмкіндігі бар. Ал қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлбайра Қалиеваның айтуынша, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін олар жаңа бағытта жұмыс істеуде.
– Сабақтар он бес минуттан өтеді. Өйткені оқушыларға үй жағдайында оқу қиын. Өзге нәрселерге көңілдері ауып, тақырыпты түсінбей қалуы мүмкін, – дей келе ол сабақ барысында балаларға оқу, жазуды үйретумен шектелмей, халқымыздың салт-дәстүрімен де таныстыратынын жеткізді. Алғашқы бейнесабақ 23 мың рет қаралған.