
Осы аптада Тимирязев ауданындағы №18 өрт сөндіру бөлімінде газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті ашылды.
Салтанатты шараға облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттiң өрт сөндiру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметi бастығының орынбасары Николай Белоусов, өртке қарсы қызметінің ардагерлері және ауыл тұрғындары қатысты. Тимирязево ауылында өткен салтанатты шара барысында азаматтық қорғау полковнигі Николай Белоусов жергілікті халықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Сала өкілі аудандық бөлімшелерде газ-түтіннен қорғау қызметі бекеттерінің ашылуы өрт сөндірушілердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, олардың қызметінің тиімділігін арттыратынын, сонымен қатар адамдарды өрттен құтқаруға, шығынды азайтуға септігін тигізетінін атап айтты. Көк лента қиылғаннан кейін ауыл тұрғындары мен қонақтар өрт бекетін аралап көрді. Нысандағы апаттық-құтқару және өрт-техникалық құрал-жабдықтарымен танысты. Бұл жердегі «Dräger» фирмасының сығымдалған ауадағы аппараттары №18 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамының жұмысын біршама жеңілдетеді. Бөлімге 9 аппарат, 18 композиттік баллон, 15 панорамдық маска табыс етілді.