Облыс әкімі Ерік Сұлтанов “KERUI GROUP” халықаралық компаниясының еліміздегі филиалының бас директоры Ван Цинфэнді қабылдады. Кездесуде “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамының негізінде стационарлық бұрғылау қондырғыларын жасау жөніндегі жобаны жүзеге асыру жоспары талқыланды. Елімізде алғаш рет қолға алынғалы отырған аталмыш жобаның құны – 100 миллион АҚШ доллары.
Қазақстан мен Қытай Үкіметтерінің арасындағы уағдаластық аясында бүгінде елімізде жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша жобалар қолға алынуда. “KERUI GROUP” компаниясымен 3 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ы енді аталмыш компаниямен жоғары технологиялы, осызаманғы мұнай шығару қондырғыларының жаңа түрлерін өндіру ісін бастауды жоспарлап отыр.
Осыған байланысты зауыттағы бос алаңдар жаңа өндіріске сай жөнделіп, толық жарақталмақ.
– Салмағы 300-ден 650 тоннаға дейін, тереңдігі 10 километр болатын стационарлық бұрғылау қондырғыларын жасау ойымызда бар. Сонымен қатар, Кеден одағы аясында белсенді жұмыс істеп, өнімдерді Ресей Федерациясына, басқа да елдерге шығармақпыз. Жобаны жүзеге асыру ісіне биылғы жылы кірісуді жоспарлап отырмыз, – деді “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамының бас директоры Қуаныш Бишімов.
“KERUI GROUP” компаниясы филиалының бас директоры Ван Цинфэннің мәлімдеуінше, мұнай шығару қондырғыларын жасаумен айналысатын халықаралық компания осызаманғы технологияларды Петропавл қаласына жеткізуге дайын.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов аталмыш жобаның маңызына тоқтала келе, оны жүзеге асыруды ұзаққа созбауды тапсырды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Қытайға жұмыс сапары барысында шетелдік компания мен Петропавл ауыр машина жасау зауыты арасындағы шектелмелі келісімге қол қою жоспарланып отыр. Жоба аясындағы жұмыс та сол сәттен бастап қолға алынбақ.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.