Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласындағы Былғары зауыты кентінде салынып жатқан бөгет құрылысының барысымен танысты.
Бүгінгі таңда “Kazpaco” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көшелер мен Есіл өзенінен кентке кіретін жолды тасқын судан қорғайтын бөгет құрылысын қолға алған. Ұзындығы 883 метр болатын бөгеттің құрылысына мердігер компанияның 20-дан астам ауыр техникасы, 70-ке жуық адам жұмылдырылған. Екі ауысымда жұмыс істеген мамандар бүгінде атқарылуға тиіс жұмысты жартылай діттеді.
Жобаның жетекшісі Мұратбек Тұрғынбаев өңір басшысына бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Оның айтуынша, барлық құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін толық аяқталмақ.
Облыс әкімі мердігер ұйымның басшыларына жұмыстың тыңғылықты әрі сапалы атқарылуын қадағалауды тапсырды.