«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ДЕПАРТАМЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінде жаңа қоғамдық кеңес құрылды. Тоғыз адамнан құралған топқа “Нұр Отан” партиясының, кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мүшелік етеді.

Бұдан былай аталмыш кеңеске “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Арман Бердағұлов басшылық етсе, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев пен тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Жанат Жұмабаев оның орынбасарлары қызметтерін атқаратын болады. Кеңестің алғашқы отырысында олардың кандидатурасы бірауыздан мақұлданып, бекітілісімен, департамент басшысы Шыңғыс Қабдола жиынға қатысушыларды жаңа кеңестің жұмыс жоспарымен таныстырды.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға баса назар аударылып келеді. Себебі, бұл келеңсіздіктер ел экономикасының дамуына айтырлықтай қолбайлау болуда. Бірінші кезекте одан шағын және орта кәсіпкерлік саласы жапа шегетіні мәлім. Осыны атап көрсеткен Президентіміз аталмыш сала субъектілеріне тексерістер жүргізуге мораторий жариялаған еді. Алайда, алым алған шенеуніктер қолға түсіп, тұтылып жатса да, әлі де болса айылдарын жияр емес. Осы орайда қоғам – сіздермен, сіздер бізбен бірлесіп, әрекет жасауымыз керек. Бұл бағыттағы іс-әрекеттеріміз бірінші кезекте бизнесті қорғауға бағытталуы тиіс, – деді Шыңғыс Қабдола.

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың тамырына балта шабу оңай емес. Онымен күресте жалғыз құзырлы органдардың күші аздық етеді. Оған қоғам болып атсалысуымыз керек. Ол үшін алдымен бұқараның азаматтық көзқарасын қалыптастыру қажет. Сонда ғана бұл істен нәтиже шығары сөзсіз. Бұл жолғы жиынның түйіні – осы.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp