«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ЖАЗУДЫ ҮЙРЕНУГЕ ОЗЫҚ ӘДІС КЕРЕК

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тұрғындардың оқу-жазуды қайтадан үйренуін талап етеді. Үлкенді-кішілі барлығымыз жаңа жазуды қолдануды әліпбиге қайта-қайта жалтақтап қарап, буындап жазып, ежіктеп оқудан бастаймыз. Балабақша, мектеп, орта арнаулы және жоғары оқу орындарындағы оқу үдерісіне жаңа жазу біртіндеп, арнайы бағдарламалар бойынша кезең-кезеңімен енгізілетін болғандықтан, балалар, оқушылар мен студенттердің жаңа жазуға бейімделуі айтарлықтай ауыртпалықсыз жүзеге асатыны белгілі. Әрі оқу үдерісінің қызу ортасында жүрген, латын графикасымен бұрыннан таныс оқушы-студент қауым бұл өзгерістерді кезекті оқу жүктемесі, меңгерілуі тиіс ақпарат ауқымы деп жеңіл қабылдап, еркін игеріп кететін болады.

Жан-жақты түсіндіріліп, дұрыс үйретілген жағдайда, заманауи ойлауға бейім жастарымыз жігер-күштің арқасында аз уақыттың ішінде меңгеріп алары шүбәсіз.
Латын әліпбиіне негізделген жаңа қазақ жазуы негізінен білім беру жүйесінде ғана арнайы оқытылатынын ескерсек, қоғамдағы білім ошақтарына қамтылмаған топ – жеке тұлғалар мен ересектердің жаңа жазу негізіндегі оқу-жазу сауаттылығын көтеру мәселесінің өзектілігі айқындала түседі. Қазіргі Қазақстан қоғамының ауқымды бөлігін білім беру жүйесіне тартылмаған, орта, жоғары оқу орындарын тамамдап, қызмет атқарып жүрген немесе зейнеткерлік жасына жеткен ересек қауым құрайтыны белгілі. Айталық, ертеңгі күні жаңа әліпби барлық салаға ене бастаған кезде адамдардың ақпараттық ашықтық пен тұрақтылық, қандай да бір әлеуметтік топтың құрамына жату, өзін-өзі жүзеге асыру тәрізді заңды қажеттіліктері туындай бастайды. Жаңа жазуды бір адамдар меңгермей қалған болса, олар өзін қоғамнан шет сезіне бастайды. Бұл олардың психикасына, денсаулығына кері әсер ететін болады. Олай болса, қоғамымыздағы ересектер қауымына жаңа қазақ жазуын меңгертуді дереу қолға алып, жүйелі түрде ұйымдастыру – мемлекеттік маңызы бар үлкен міндет болмақ.
Жаңа жазу емлесін меңгерту мәселесі тиісті деңгейде шешілмеген жағдайда мынау цифрлық қоғамда жаңа жазуды сауатты қолданып жүрген адамдар мен әлі меңгермеген қауымның арасында ақпараттық түсініспеушілік кеңістігі пайда болуы мүмкін. Сол себепті қоғамның барлық санаттарындағы тұлғалардың жаңа әліпбиді меңгеруіне жағдай жасау мемлекеттік деңгейде қамтамасыз етілетін болады. Бүгінде жаңа жазу емлесін меңгертудің әдістемесін дамыту, қажетті оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету ісі қолға алынуда. Жақында ғана Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми практикалық орталығы жаңа емле ережелерін ересектерге, жаппай көпшілікке түсіндіретін, меңгертетін, оқытатын білікті тренер мамандарды даярлауға арналған “Жаңа емле” атты оқу-әдістемелік құралын баспадан шығарды.
Жаңа жазуды меңгеру барысында әрбір адамның алдында ең алдымен барынша жылдам әрі сауатты жазу және қарқынды оқу дағдысын қалыптастыру қажеттілігі туындайтыны ескеріле отырып, оқу-әдістемелік құралға енгізілген жаңа емлеге сәйкес түзілген тапсырмалар жүйесі жазылым және оқылым дағдыларын меңгертуді көздейді. Жазылым тапсырмалары қолдағды қалыптастыра отырып, емле ережелерін меңгертуге бағытталса, оқылым тапсырмалары көздағды қалыптастыру арқылы қармап оқуға баулиды. Сонымен қатар оқылым тапсырмалары орфоэпия заңдылықтарын меңгерту мақсатында құрылды. Оның себебі, кеңестік кезеңде жазылуы бойынша оқудың нәтижесінде ауызша тілдің сазы бұзылып, дұрыс айту нормалары – орфоэпия заңдылықтары сақталмайтын болды. Бұл кемшілік қарапайым жастар тілінде ғана емес, сөзді өз кәсібінің құралы етіп жүрген арнайы мамандық иелері тілінің өзінде жаппай кездесе бастады. Журналистер, дикторлар, әншілер тілін былай қойғанда, қазақ тілі мен әдебиеті мамандарының өзі сөз ырғағын бұзып сөйлейтін болды. Бұл тіліміздің басты ерекшелігі – үндестік заңына, сол арқылы тілімізге төніп келе жатқан үлкен қауіп болатын. Жаңа жазуымыз тіліміздің осы ішкі гармониясы мен әсемдігін қалпына келтіруге қызмет ететіні көңіл қуантады. Жаңа жазуды үйрететін әрбір оқытушы осы мәселені ескеріп, орфоэпияға сәйкес дұрыс оқытуды қолға алар болса, тіліміз де, өзіміз де рухани жаңғырарымыз сөзсіз.
Оқу-әдістемелік құрал мазмұны емле ережелерінің тарауларына сәйкес құрылып, жаттығулар жүйесі оларды меңгертуге арналды. Тапсырмалар жүйесі таным әрекетінің деңгейлеріне сай өз ішінде емле ережесінің ғылыми негіздерін білу, түсіну деңгейіндегі (есте сақтаңыз, анықтаңыз, астын сызыңыз, көшіріңіз, мән беріңіз, табыңыз, т.б.); қолдану мен талдау деңгейіндегі (жаңа қазақ жазуымен жазыңыз, орнына қойыңыз, бағандарға бөліңіз, топтастырыңыз, қатесін түзетіңіз, дұрыстығын тексеріңіз, талдау жасаңыз, талқылаңыз, түсіндіріңіз, себебін айтыңыз, т.б.) және жинақтау, бағалау деңгейіндегі жаттығулардан (жалғастырыңыз, құраңыз, құрастырыңыз, уәжділігін дәлелдеңіз, т.б.) тұрады.
Оқу үдерісінің нәтижелі болуы оқытушы қолданатын әдіске ғана байланысты емес. Басқаша айтсақ, қазіргі күнде сәнге айналған әдіс-тәсіл, технологияларды үйіп-төгіп қолданса да, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмауы мүмкін. Өйткені, оқытудың нәтижелілігіне ең алдымен ұсынылатын материалдың беделі әсер етеді. Оқытушы ұсынатын тілдік материалын өзі дұрыс түсінбей, соған байланысты ұнатпайтын болса, ол оқушысына да оны жеткізе алмайды. Оқушы ұстазына иланып, көзсіз соңынан еруі үшін оқу материалы үлкен махаббатпен ұсынылуы керек. Қазіргідей тарихи кезеңде бізге өзі тілін шексіз сүйетін, оның әрбір ерекшелігін таңғалдырып, тамсандырып түсіндіретін ұстаздар керек. Әрбір емле ережесінің себебін, негізін дұрыс түсіндіретіндей өзінің тілдік интуициясы, орфографиялық қырағылығы жоғары маман болу үшін ең алдымен оқытушы маман өзінің теориялық білімін тереңдетуі керек. Осы мақсатта “Тіл-қазына” орталығы шығарған оқу-әдістемелік құралда жаңа емле ережелерінің әрбір тақырыбына қатысты қысқа да нұсқа, түсінікті теориялық материал берілген. Теориялық материалды ұсынғандар – емле ережелерін құрастырған тілші-ғалымдар.
Сонымен қатар жаңа әліпби емле ережелеріндегі бірқатар өзгерістерге кейбір тілші мамандардың өзінде түсініспеушілік туындап отырғаны да жасырын емес. Кез келген уақытта қоғамдағы жаңа реформаларға қарсы шығатын адамдар тобы болады. Оның себебін адамның дағдылы әрекеттерден арылғысы, жан рақаты аумағынан шыққысы келмеуімен түсіндіруге болады. Жаңа деп ұсынылып отырған жүйені зерттеп, танымай, ерекшеліктерін ажыратпай, тек жаман жақтарын санамалау – пессимист адамға тән қасиет.
Бұл жағдайда әрбір тілші маманның жүрегіне жақын келген Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында айтылған: “Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес. …Сананың ашық болуы, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – та­быстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсет­кіш­терінің бірі”, – деген сөздерін басшылыққа алуымыз керек деп санаймын.
Айталық, жалпы түркі халықтарының латын графикасындағы әліпбиге көшу кезеңінде және емле әзірлеу барысында қиындық тудырған кірме (шеттілдік) сөздердің жазылуы мәселесі оқыту барысында да көптеген сұрақтар туындатуда. Тіпті кейбір тілші мамандардың өзі жіңішкелік (ь) белгісін алып тастауға, “әп-әдемі” сөздердің қазақи үлгіде айтылып, жазылатынына қарсы пікір білдіруде. Кирил әліпбиіне негізделген қазіргі қазақ жазуында орыс тілінен енген кірме сөздерді еш өзгеріссіз қабылдау және өзіндік айтылым нормасына бейімдемеу сияқты кеңестік тоталитарлық саясаттың салдарынан санамызда қалыптасқан теріс стереотиптер оңайлықпен жойыла қоймайды. Оған уақыт, түсіндіруге мықты білім мен білік, әдіс керек. Көп жағдайда осы біз айырылғымыз келмей жүрген сол “әдемі” сөздердің өзі орыс тіліне де басқа шет тілдерден енгенін, орыстар оларға жіңішкелік (ь) белгісін қосып, өз тілдеріне бейімдеп алғанын, түп-нұсқа тілінде ол сөздер мүлдем басқа екенін, тіпті қазіргі біздің жаңа емледегі нұсқамызға жақын екенін біле бермейміз.
Мысалы, “альбом” сөзі ағылшын тілінде (album) – “албұм” деп айтылса, “ателье” сөзі француз тілінде (atelier) – “әтөли” деп айтылады. Швед астрономы А.Селсиустың (Anders Celsius) құрметіне аталған температураны өлшеу шкаласының атауы “цельсий” сөзі “селсиус” деп айтылады. Алкоголь ағылшынша “алкахол” деп айтылады. Сонда біздің “қия алмай” жүргеніміз қандай сөздер болғаны? Орыс тіліндегі жіңішкелік белгісі қосылған қате нұсқасын емес, түпнұсқа тілдердегі айтылуына жақын етіп өз тіліміздегі нұсқасын қолдануымыз керек емес пе?! Міне, оқыту барысында осындай уәждерді келтіре отырып, дәлелдей көрсету арқылы тілдік сананы жаңғыртуымыз қажет.


Шынар ҚҰРМАНБАЕВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp