9 қараша – Дүниежүзілік почта күні. Осы айтулы күннің қарсаңында “Қазпочта” акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында жаңа сұрыптау желісі іске қосылды. Артынша салтанатты жиынға қатысушылар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылған “дөңгелек үстел” отырысына қатысты. Пошташыларды кәсіби мерекелерімен облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.
Өңірімізде “Қазпочта” акционерлік қоғамының облыс орталығы мен 13 ауданды есептегенде, 280 бөлімшесі бар. Ондағы мамандардың міндеттері өңір тұрғындарын мерзімді басылымдармен уақтылы қамтамасыз ету болып табылады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі күнгі технологияларды дамыту тұрғысында Трансформациялау бағдарламасын ұсынған болатын. Оны жүзеге асырушылардың бірі – “Самұрық Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры. Оның құрамына “Қазпочта” акционерлік қоғамы да енеді. Жаңа желіге біз аталмыш бағдарлама шеңберінде қол жеткізіп отырмыз. Қанатқақты жоба әзірге Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды мен біздің өңірімізде жүзеге асырылмақ. Кәсіби мерекеміздің қарсаңында бұл – біздер үшін айтулы оқиға, – деді жаңа желінің тұсаукесерінде сөз алған “Қазпочта” АҚ СҚОФ-ның басшысы Ерік Нұрақаев.
Жаңа желінің тиімді тұстары көп. Біріншіден, ол мұндағы қызметкерлерді қағазбастылықтан арылтуға жол ашса, екіншіден, сұрыптауға кететін уақытын шамамен 1-1,5 сағатқа қысқартуға мүмкіндік бермек.
Почта қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне арналған салтанатты шара соңы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылған “дөңгелек үстел” отырысында жалғасты. Өңіріміздегі басылымдар өкілдерінің басын қосқан жиында “Қазпочта” АҚ бизнесін трансформациялау мәселесі төңірегінде әңгіме қозғалды.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова почта қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбегімен ерекшеленген байланыс саласының екі қызметкеріне өңір басшысының атынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыс етті.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.