«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ЖОБА он сегіз адамды жұмыспен қамтымақ

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда “ПМК-5” ЖШС тұрғын үй құрылысымен де, оған қажетті материалдардың бір бөлігін өздерінде шығарумен де айналысады. Биыл аталмыш серіктестік көбікбетон және бетон бұйымдары өндірісі үшін жаңа корпус салу арқылы кәсіпорынды кеңейтуге арналған жобаны жүзеге асырғалы отыр. Оған өзіндік қаражат есебінен жұмсалатын инвестицияның жалпы көлемі 30 млн. теңгені құрайды.

Үш жылда – алпыс үй

 

Осыдан төрт жыл бұрын іссапармен болған кезімізде Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Марат Тасмағамбетов Новоишимка ауылында салынатын жаңа шағынауданның жобасын көрсеткен еді. Екі көшені бойлай орналасатын жеке тұрғын үйлерге арнайы жер телімі бөлінгенін, олардың аудан орталығының ажарын аша түсетіндей етіп жасалатындығын, бәрінен бұрын баспаналы болған тұрғындарға жайлы болу жағына ерекше көңіл бөлінетіндігін сол жолы естігеміз. Аталмыш жобаның “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында үш жылда-ақ жүзеге асқанын биыл өз көзімізбен көрдік.

Аудан орталығына кіреберістегі оң қапталда шағын ауыл бой түзепті. Аталмыш бағдарламадағы үшінші бағыттың “Жұмыс берушінің қажеттілігіне сәйкес еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру” атты 2-ші құрамдас бөлігі бойынша соңғы үш жылда 60 үй салынып, пайдалануға берілген. Оны жүзеге асырған Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда тұрғын үй құрылысымен айналысатын ірі кәсіпорындардың бірі – “ПМК-5” ЖШС. Бұл серіктестікті аудан көлемінде ғана емес, Қызылжар ауданындағы Новокаменка, Бәйтерек, Мамлют ауданындағы Покровка ауылдарында оралмандар үшін 40-тан астам жеке тұрғын үй салған, “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған кәсіби құрылысшы Кәрібай Шаяхин басқарады.  

– Жыл сайын 20 үйден салып, аудандық әкімдіктің бастамасы бойынша жасалған жобаны өткен жылы аяқтадық. Бағдарлама бойынша аталмыш шағынауданның инженерлік-коммуникациялық желісіне республикалық бюджеттен – 112, жергілікті бюджеттен 28 млн. теңге қаражат бөлінген болатын. Соған орай кәріз желісі тартылып, әрбір үйге ванна мен дәретхана орнатылды, заман талабына сай балаларға арналған ойын алаңы жасалды. Сөйтіп, аталмыш шағын ауылдан 225 адамның баспана табуына өз үлесімізді қостық, – дейді Кәрібай Қауашұлы.

Бұл күндері серіктестіктің 50 құрылысшысы аудан орталығында 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Ғимараттың қабырғалары қызыл кірпіштен қаланыпты. Учаске шебері Дәурен Бірімжановтың айтуына қарағанда, аталмыш нысанда тас қалаушылармен бірге ағаш шеберлері, құрастырушылар, дәнекерлеушілер мен электриктер еңбек етуде. Бәрі де – жергілікті тұрғындар. Өткен жылы желтоқсан айында басталған құрылысты биылғы Тәуелсіздік күніне дейін аяқтап шығу мақсат етіліп отыр.

Облыс орталығынан түс ауа оралған серіктестік директоры Кәрібай Шаяхин:

– Өзіміздің аудандағы Буденное орта мектебінің ғимараты апатты жағдайда. Соған орай 90 орындық мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжат жасалғанды. Жергілікті тұрғындар көптен күткен мектеп құрылысын жүргізуге арналған тендерге бүгін қатысып келдім. Аталмыш нысанды біз салатын болдық. Құрылысқа мектеп ғимаратымен бірге жылыжай, жазғы стадион, бу қазандығы және көмекші трансформатор станциясы кіреді. Жалпы құны – 311 млн. теңге. Маусым айында мектептің іргетасын қалауға кірісеміз. Оған дейін аталмыш елді мекенге барып, жобалау жұмыстарын жүргізе бастаймыз. Себебі, бұл нысанды 2015 жылдың 1 қыркүйегіне дейін тапсыруға тиіспіз. Сондықтан арқаны кеңге салып отыруға болмайды. Бұл құрылысқа кәсіпорнымыздың өзінде шығарылатын материалдарды кеңінен пайдаланатын боламыз, – деді.

Серіктестік соңғы жылдары 8 қызметкерін пәтермен қамтамасыз етіпті, оның 3-еуі жаңа шағынауданда салынған.

“Шаяхин” ЖК құрылыс

материалдарын шығарады

Кәрібай Қауашұлы “Шаяхин” жеке кәсіпорнын осыдан он бес жыл бұрын ашқан. Оған өндіріс орнындағы бос тұрған ғимараттар себеп болған. Оларды тиімді пайдалану мақсатында құрылыс материалдары және жиһаз шығаратын цехтар жабдықтау сол кездері басталған. Қазіргі уақытта цехтардың өнімдері тұрғын үй құрылысына кеңінен пайдаланылады.

Серіктестік жүргізіп жатқан құрылысқа қажетті қарағай тақтайлар Қостанай қаласынан, Ресей Федерациясының көрші облыстарынан тасымалданады. Соған орай кәсіпорында тақтай кептіретін цех жасақталыпты. Онда бір мезетте 30 текше метр тақтай кептіріледі. Кептіру цехында 3 адам еңбек етеді. Содан кейін өңдеуге дайын тақтайлар есік, шарбақ және тағы басқа да бұйымдар жасайтын цехқа жөнелтіледі.

Кәсіпорында пластикалық терезе құрастыратын цех та бар.

– Төрехан Нажкенов, Руслан Пирогов ағаш шебері болып еңбек етеді. Олар жасаған бұйымдар, әсіресе, тақтай есіктер, өзіміз салып жатқан құрылысқа пайдаланылады. Өте сапалы. Сондықтан арнайы тапсырыс бойынша да жұмыс істейміз. Дайын өнімдер фирмалық дүкеніміз арқылы да сатылады. Марат Есенов пластикалық терезе жасауға маманданған. Қазір ол 50 пәтерлік тұрғын үйдің терезелерімен айналысып жатыр, – дейді кәсіпорын басшысы Кәрібай Шаяхин.

Кәсіпорын көбікбетоннан блокты кірпіштер шығаруды осыдан үш-төрт жыл бұрын бастаған. Оның өнімдері Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында және Новоишимкада салынған жеке тұрғын үйлердің құрылысына пайдаланылды. Енді осы цехта есік-терезелердің үстіне арналған алажабын блоктар шығару ісі де жолға қойылыпты. Алдағы уақытта ғимараттардың іргетас блоктарын шығару да қолға алынбақ.

Келесі бір цехта темір шарбақтар мен терезеторлары жасалады. Теміршыбықтарды мың бұралта иетін ұстахана шебері де табылған.

“Шаяхин” ЖК-нің жиһаз цехы тұрғын үйге қажетті өнімдер шығарады. Өндіріс орнының жанындағы кәсіпорынның фирмалық дүкенінен асүйге, қонақ бөлмеге қажетті жиһаздардың, столдар мен орындықтардың бірнеше түрін табуға болады. Қабырғалық жиһаздарды, қазақы үстелдер мен орындықтарды қалауыңа қарай тапсырыс бойынша да жасатып алуға болады.

Серіктестік құрылыс жүргізуге арналған техникалармен толық қамтамасыз етілген. Өткен жылы техника паркі жаңа шетелдік автокран, жүкартқышпен толығыпты.

– Қызылжар ауданының орталығындағы “БЭМЗ” ЖШС-ден бетон зауытының қондырғысын сатып алған едік. Зауыттың мамандары келіп, өздері орнатып берді. Жұмысы өнімді. Құрылысқа да, блок цехтарына да сол зауытта өндірілген өнімді пайдаланамыз. Бұрынғыдай құрылыстан құрылысқа сыйымдылығы 200 литрлік бетонараластырғышты сүйреп жүрмейміз, – дейді Кәрібай Қауашұлы.

Биыл “ПМК-5” ЖШС көбікбетон және бетон бұйымдары өндірісі үшін жаңа корпус салу арқылы өндіріс орнын кеңейту жөніндегі жобаны қолға алып отыр.

– Жеке кәсіпорындағы цехтарымыздың жұмыс алаңдары онша қомақты емес. Соған орай өндіріс орнын кеңейтпек болып, аудандық әкімдіктің қолдауымен жаңа орыннан жер телімін алғамыз. Оны қоршап та қойдық. Гараж, бу қазандығы сияқты нысандар қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Цехтар орналасатын ғимарат сол жерде салынады. Өндіріс орнын кеңейту жөніндегі жобамызды Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне тапсырған едік. Бұл жобаға өз қаражатымыздың есебінен жұмсалатын инвестицияның жалпы көлемі 30 млн. теңгені құрайды. Ол жүзеге асқан кезде 18 жаңа жұмыс орнын ашамыз деп жоспарлап қойдық. Аталмыш жоба министрліктің штабы отырысында үстіміздегі жылғы 18 сәуірде қаралып, мақұлданды. Енді Қазақстан Республикасының экономикалық жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссиясы отырысының қорытындысын күтіп отырмыз. Жобамызға қолдау көрсетіліп, облыстың Индустрияландыру картасына енгізілсе, оны да жүзеге асыруға кірісіп кетеміз, – деді бізбен қоштасып жатып Кәрібай Шаяхин.

 

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp