«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ “ҚЫЗУЫМЕН”…

2015 жылдың алғашқы күндерінде облыс аумағында 27 қылмыс тіркеліп, жол ережесін бұзудың 300-ге жуық дерегі анықталған. Сондай-ақ, мас күйде көлік жүргізген 14 жүргізуші құрықталды.

Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мереке күндері жол ережесін бұзғандардың денін қауіпсіздік белбеуін тақпай жүрген жүргізушілер құраған. Жаңа жылдың алғашқы екі күнінің өзінде көлік жүргізіп келе жатып, ұялы телефон арқылы сөйлескен 60 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылса, жылдамдықты шектен тыс асырған 10 адамға айыппұл салынған. Сонымен қатар 3 жүргізушінің қарсы бағыттағы жол айрығына шығып кеткені анықталды. Көлік жүретін жолға қоқыс тастаған 11 адам жауапкершілікке тартылған.

* * *

Жаңа жылда салғырттықтың салдарынан облыста 21 өрт оқиғасы тіркеліп, 1 адам көз жұмды. Биылғы жылдың алғашқы таңы Тайынша ауданындағы Чкалово ауылының 66 жастағы тұрғыны үшін ең соңғысы болды.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, зейнеткер төсекте темекі тартып жатып, ұйықтап кеткен. Тұқылды сөндірмейтін әдеті бар жалғызбасты қарияны көршілері мен туыстары бұған дейін бірнеше рет құтқарып алған екен.

Осы күні Петропавлдағы үйлердің бірінің балконына отшашу тұқылы түсіп кетіп, ондағы мүліктер жана бастаған. Оны дер кезінде байқаған пәтер иелері құтқарушылар жеткенше, өртті ауыздықтап үлгерген.

4 қаңтарда облыста 10 өрт оқиғасы тіркеліпті. Қысқа тұйықталудан көліктерге, шаруашылық нысандарына, үйлерге зақым келіп, “Волна” демалыс базасындағы монша отқа оранған.

Осылайша мереке күндері кейбіреулер шарпыған жалыннан зардап шексе, енді біреулер Жаңа жылды күртік қардың құрсауында қарсы алды. Мәселен, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 31 желтоқсанда жолға шыққан 14 жолаушы діттеген жеріне жете алмады. Осындай жағдай 4-5 қаңтарда Қызылжар, Ғ.Мүсірепов атындағы, Айыртау, Есіл аудандарының аумағында орын алды. Осы күндері 137 жолаушысы бар 36 көлік амалсыздан алған бағытынан айнуға мәжбүр болды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp