«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі” Жолдауында Қазақстанда құ­қық қорғау және сот жүйесі өкілеттіктерінің аражігін ажырата отырып, үш буынды мо­дельді енгізуді тапсырды. Бұл үрдіс дамы­ған елдерде кеңінен қолданылады. Бұдан былай қылмыстық процеске полиция, про­куратура және сот жауап береді. Осыған орай аталған құрылымдардың өкілеттіктері нақты айқындалды. Полиция қылмыс­тар­ды және оған қатысы бар адамдарды та­уып, айғақ жинап, оны тиянақтап береді. Про­курорлық қадағалауға келсек, Қазақ­стан Республикасы Конституциясының 83-бабында көзделген конституциялық өкілет­тіктер шеңберінде жиналған дәлелдеме­лерге тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқы­ғын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адам­дар­дың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті. Сот органдардың әрекетіне қа­тысты шағымдарды қарайды және іс бо­йынша ақтық үкім шығарады. Мұндай тәсіл тежемелік және тепе-теңдік жүйесін нығай­тып, әр кезеңде тиімді саралау жүргізіп отыруға мүмкіндік береді.

Сондықтан үш буынды модельге ауысу сотқа дейінгі тергеп-тексеруді іске асы­ра­тын органдардың қызметін жете жаңғыр­туды талап етеді. Бұған прокурорлар мен тергеушілер де дағдылануы тиіс. Осыған байланысты Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен бірлесіп, қылмыстық процестің үш буынды моделіне кезең-кезеңмен өту үрдісін бастап кетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес бастапқы кезеңде қылмыстық қудалау шеңберіне тартылған адамдардың консти­ту­циялық құқықтарын қорғайтын, сотқа де­йінгі тергеп-тексеру органдары қабылдай­тын негізгі процестік шешімдерге прокурор­дың келісуі енгізілді. Заңнамадағы өзгеріс­терден басқа, комитет оператор болып та­бы­латын сотқа дейінгі тергеп-тексерулер­дің бірыңғай тізілімі (СДТБТ) ақпараттық жүйесіне қысқа мерзімде техникалық өз­герістер енгізу тапсырмасын орындап шық­ты. 2020 жылдың 31 желтоқсанынан бас­тап, яғни Қылмыстық-процестік кодекстегі түзетулер заңды күшіне енген күннен елі­міз­дің барлық тергеу органдары мен про­куратуралары қылмыстық іс бойынша не­гізгі шешімдерді электрондық келісуге көш­ті. Енді күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралауды белгілеу, қылмыстық құқық бұ­зушылықты саралау, сотқа дейінгі тер­геп-тексеру мерзімдерін үзу, тоқтату тура­лы шешімдер, сондай-ақ айыптау актісі прокурордың келісімінсіз заңсыз болып са­налады. Бұл өзгерістер азаматтардың, оның ішінде күдіктінің де, жәбірленушінің де конституциялық құқықтарын қорғауға жә­не қылмыстық процестің шеңберіне негізсіз тарту фактілерін болдырмауға, жалпы тер­геп-тексерудің объективтілігін қамтама­сыз етуге бағытталған.

Негізгі шешімдерді келісу бірінші кезеңді ғана қамтып, бұдан әрі тергеп-тексеру ба­ры­сында процестік шешімдерді сотқа де­йінгі тергеп-тексеру органдарының тергеу­ші­лері емес, прокурорлар қабылдайтын бо­лады. Сол кезде тергеудің әрбір саты­сын­дағы тергеп-тексеру нәтижелері проку­рор­дың тәуелсіз бағалауы арқылы іске асы­ры­лады. Демек, жиналған дәлелдемелерді ба­ғалай отырып, прокурор адамды күдікті деп тану туралы шешім қабылдайды. Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша айыптау актісін әзірлеп, сотта айыптауды қолдай­тын болады. Сол кезде келісу рәсімі алы­нып тасталады. Аталған өкілеттіктер Қазақ­стан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында қарастырылған. Прокурордың басшылығымен тергеу топ­та­рын құру арқылы осындай тәртіпті қанатқақты сынақтан өткізу басталды. Сы­нақтан өткізуді, техникалық сүйемелдеуді комитет жүзеге асырады.

Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексе­ру органымен жедел өзара іс-қимыл жасау, артық бюрократиялық сөзбұйданы бол­дыр­мау қажеттігі ескеріле отырып, СДТБТ аясында электрондық форматтағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету міндеттері қо­йылды. Біріншіден, тергеушілердің уақыты үнемделеді. Іс бойынша прокурорға бару­дың, оның шешімі қашан шығады деп күту­дің қажеті жоқ. Прокурордың негізгі шешім­дерді келісу мерзімдері заңнамалық нор­ма­лармен нақты белгіленген. Екіншіден, электрондық келісу тергеу органдарының басшылығына және қадағалаушы про­ку­рорға қылмыстық істерді тергеу барысын онлайн режімде бақылауға мүмкіндік бе­реді. Заңдылықты қадағалауы тиіс про­ку­рор процеске іс оған түсер алдында ғана емес, оның тергеп-тексеруіне басынан бас­тап қатысады. Заң талаптарын бұрмалау мүмкіндіктері болдырылмайды. Комитет, өз кезегінде, құқықтық статистиканың анық­тығын қашықтан қадағалауды іске асыра­ды. Уәкілетті мемлекеттік органдарды, со­нымен қатар қылмыстық процеске қатысу­шыларды объективті құқықтық ақпарат­тар­мен қамтамасыз етеді. Қылмыстық процес­те азаматтардың құқықтарын қорғау бо­йын­ша қабылданатын нақты шаралардың маңызы зор. Құқықтық статистика мәлімет­терінің анықтығы, қылмыстық процеске қатысатын адамдардың мүдделері мен олардың қаншалықты дұрыс және уақты­лы қабылдануы СДТБТ мәліметтерінің дұ­рыстығы мен уақтылы толтырылуына ба­қы­лау жасауға байланысты. Онда жай мә­ліметтер ғана емес, қабылданған процестік шешімдер де көрсетіледі. Мысалы, адамға жұмысқа орналасу немесе өзге де мәселе­лерін шешу үшін оның ақталғаны туралы мәліметтер қажет делік. Істің мерзімі өткен, ал шешім қабылданбаған, не істеу керек? Осындай түсінбестіктер туындамас үшін комитет қызметкерлері қылмыстық қудалау органдарының іс жүргізу қызметіне аралас­пастан осы бағытта жүйелі түрде жұмыс істейді. Бүгінде азаматтардың өтініштерін қа­рау нәтижелері бойынша тергеу органда­ры қабылдаған шешімдер туралы SMS -хабарламалар қызметі қолданылады. Егер полиция азаматтың өтінішін қараусыз қал­ды­­ру туралы шешім қабылдаса, оған тиісті хабарлама келеді. Шешіммен келіспеген кез келген тұлға қадағалаушы прокурорға ша­ғымдана алады. Комитеттің ақпараттық сервис порталында (Qamqor.gov.kz) үйден шықпай-ақ полицияға онлайн режімде арыз беру мүмкіндігі қарастырылған. Коми­тет алдындағы басты міндеттердің бірі қыл­мыстық процесте азаматтардың конститу­ция­лық құқықтарының бұзылу фактілерін анықтау, сондай-ақ есепке алынудан жасы­рылған қылмыстарды анықтау болып табы­лады.

Биыл прокуратура органдарының қыз­ме­тін жандандыруға арналған кеңесте Мем­лекет басшысы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің әлеуетін пайдалана отырып, құқық қорғау ор­гандарының күнделікті қызметіне озық цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі жұ­мысты жалғастыруды тапсырды. Соған орай “BigData” секілді ақпараттық ресрус­тың зор әлеуетін қолдану белгіленген. Қазіргі таңда азаматтардың өтініштері, сот ше­шімдері, қылмыстық, әкімшілік және аза­маттық істер бойынша есепке алу жүргізі­луде. Комитетте 23 есеп нысаны мен 24 арнайы есепке алу түрі бар. “Цифрлық Қа­зақстан” мемлекеттік бағдарламасы ая­сын­да “Электрондық қылмыстық іс” (Е-ҚІ), “Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі” (ӘІБТ), “Тексеру субъектілері мен объекті­лерінің бірыңғай тізілімі” (ТСОБТ) және Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп “Е-Өтініш” цифрлық жобалары қолға алын­ған. Бұл бағыттағы қабылданған кешенді ша­ралар елдегі заңдылықтың жай-күйіне елеулі түрде әсер етті. Әкімшілік және қыл­мыстық салалардағы құқық қорғау қызметі, сондай-ақ бақылау-қадағалау органдары мен бизнес субъектілері салалары цифр­лық жобалармен барынша қамтылды. Нә­ти­жесінде барлық қылмыстық істердің үш­тен екісі электрондық форматта тергеледі.

Былтыр Әділет министрлігімен бірлесіп, “Адвокатты қорғаушы ретінде тағайындау, мемлекет кепілдік берген заң көмегін есеп­теу және төлеу процестерін автомат­танды­ру” қанатқақты жобасы іске қосылды. Осы сәт­тен бастап адвокаттар алқасына қорғау­шы­ларды тағайындау туралы 700-ден ас­там өті­нішхат жолданды. Сондай-ақ, ар­найы графикалық планшеттер пайдаланы­латын цифрлық қолжазба қолтаңбасы ар­қы­лы электрондық құжаттарға қол қою жүр­гізілді. Әділет министрлігі цифрлық қолжаз­ба қол­таңбасы бойынша тиісті қолжазба са­рап­тамасын әзірледі. Соттардың адамдар­ды қамауда ұстауға санкция беру туралы өті­­нішхаттарды қашықтан қарау тетігі іске асы­рылды. Мұның өзі қылмыскерлердің қа­шып кету қаупін болдырмауға, айдауылдау үшін бюджет қаражаты мен кадрлық ре­сурс­тар­ды үнемдеуге және іс жүргізу уа­қы­тын оң­тайландыруға мүмкіндік береді. Әкім­шілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу, олар­дың алдын алу, жолдардағы қа­уіпсіздікті қам­тамасыз ету қызметі де ко­ми­теттің ақ­параттық технологияларымен сүйемел­де­неді. Осы жылдың ақпанынан бас­тап жүр­гізушілердің куәлігі мен авто­кө­лік техпас­пор­тын алып жүру талабы алы­нып тастал­ды. Бұл азаматтар үшін қолай­лы. Жол по­лициясы қызметкері енді бұл мә­ліметтерді ӘІБТ жүйесінен планшет арқы­лы қарайды. Смартфоннан банктің мо­бильді қосымша­сы арқылы айыппұлдарды төлеу әдісі де жұртшылық тарапынан қол­дау тапты. Қазіргі таңда 19 банкпен және “Қазпошта” АҚ-мен келісім жасалды.

Комитет тексерулерді есепке алуды жә­не тіркеуді 2000 жылдан бері жүргізіп ке­ле­ді. 2003 жылдан бастап негізсіз тексерулер, оның ішінде бизнеске қатысты тексерулер тіркеу сатысында тоқтатылды. Қазір бақы­лаушы органның бірде-бір тексерісі коми­тетте есепке алынбай жүргізілмейді. Мем­лекет басшысының кәсіпкерлердің құқық­та­рын қорғау бойынша қойған міндеттерін іске асыру мақсатында Бас прокуратура инновациялық технологияларды пайдала­на отырып, қадағалаудың жаңа әдістерін енгізе бастады. Барлық процесс “Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі” ТСОБТ ақпараттық жүйесінде цифрландырылған. Мемлекеттік органдар бұрынғыдай тіркеу туралы мөртаңбаны алу үшін кезекте тұрмайды. Тексеру актісі мен нәтижесі электрондық түрде ресімделеді. Бұл заңсыз тексерулерді уақтылы анық­тауға мүмкіндік беретін мораторий кезеңін­де ерекше маңызды. Мораторий тағы 2 жыл­­ға созылады. Кәсіпкерлік субъектілері­нің мерзімдері, санаттары, негіздері және тағы басқалары бойынша форматтық-логика­лық бақылау белгіленді. Бизнес өкіл­дерін әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тар­туға жол бермеу мақсатында Әкімшілік іс жүр­гізулердің (ӘІБТ) және Сотқа дейінгі тер­геп-тексерулердің бірыңғай тізілімі (СДТБТ) ақпараттық жүйелермен бірізді­лен­ді­рілді. Кәсіпкерлер үшін “Қамқор” мо­бильді қо­сымшасы құрылған, одан жүргі­зілген тексе­рулер туралы ақпараттар, туын­даған мәсе­лелер бойынша түсіндір­ме­лер алуға, тексерушілерге шағымдануға болады.

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап Әкім­шілік рәсімдік-процессуалдық кодекс қол­да­нысқа енгізіледі. Жаңа заңнама азамат­тардың өтініштерін қараудың қолданыста­ғы тәртібін айтарлықтай өзгертеді және мем­лекеттік органдардың қабылдайтын ше­шімдер үшін жауапкершілігін күшейтеді. Ко­митет өтініштерді қарайтын және мемле­кет­тік қызметтер көрсететін орган болған­дықтан, кодекс талаптарын орындау бұл­жы­мас міндет саналады. Өтініштерді қа­рауға байланысты қолданыстағы заңнама­ға және жаңа кодекске сәйкес комитет мем­лекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі бас­қару органдарына және мемлекет иелігін­де­гі заңды тұлғаларға келіп түсетін өтініш­терді тіркеу және есепке алу тәртібін белгі­лейді және бекітеді. Осы мәселелер қатаң реттелмесе, өтініштерді тіркемеу, қарау мерзімдерін бұзу фактілеріне жол берілуі мүмкін. Мемлекеттік органдарда өтініштер бойынша өзекті талдамалық ақпараттың болмауына байланысты олардың дұрыс шешім қабылдамау сияқты келеңсіздік­тер­ге әкеп соқтыратынын тәжірибе анық бай­қатып отыр. Кодекстің алдымызға қойып отырған екінші міндеті “Электрондық өті­ніш­тер” жүйесін жүргізу тәртібін айқындау болып табылады. Осыған байланысты бар­лық мемлекеттік органдарда өтініштермен жұмыс жөніндегі бірыңғай жүйе енгізіліп, шағымдарды беру және қарау рәсімдері жеңілдейді деген сенім зор. Жобаны енгізу Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жүргізіледі.

Сәбит НҰРЛЫБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp