
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Жаңа жылдан бастап тұрғындарға медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті (МӘМС) аясында көрсетілуде.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсетудің жаңа тетігі болып саналады. Жаңа жүйеге тұрғындардан бөлек, жұмыс берушілер және мемлекет төлем жасайды. Төлемдердің көлеміне қарамастан, әрбір сақтандырылған адам медициналық көмектің толық пакетін өзі қажет ететін көлемде ала алады.
МӘМС жүйесінде республика тұрғындарының 95 пайыздан астамын медициналық көмекпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Олардың қатарында балалар, жүкті әйелдер және мүмкіндігі шектеулі, тағы басқа жеңілдігі бар тұрғындар бар.
2020 жылы тегін медициналық көмектің жаңа моделін және МӘМС топтамасын енгізу нәтижесінде медициналық қызметтер тарифін он бес пайызға, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын отыз пайызға дейін арттыру жоспарлануда.
Біздің өңір бойынша медициналық қызмет көрсететін 56 ұйым деректер базасында тіркелген. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалымен 2019 жылы 53 медициналық ұйым келісімшарт жасады. Соның ішінде 29-ы мемлекеттік, қалғаны жекеменшік ұйымдар.
Бүгіндері облыс бойынша медициналық сақтандыру қорына 5 миллиард теңгеден астам қаржы жиналды. Соның ішінде 166 мың жалдамалы қызметкер үшін аударым жасалған. Қазіргі таңда өңірде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың мәртебесі анықталуда.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша туындаған сұрақтарға жауап алу үшін бірыңғай байланыс орталығына (нөмірі 1406) хабарласуға болады. Әрбір адамның өтініші тіркеледі. Туындаған мәселе бойынша сараптама комиссиясы құрылады. Құқық бұзушылық орын алса, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тиісті шаралар қолданады. Бұл орайда бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейтінін айтып өткен жөн. Қазақстан бойынша ұялы және қалалық телефондардан қоңырау шалу тегін.
Елена САРАНЧУКОВА,
Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қоры
облыстық филиалының
сарапшысы.