«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қызметіне арналған семинар-кеңес өтті. Шараға өңірімізге жұмыс сапарымен келген мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры президентінің кеңесшісі Светлана Ферхо қатысып, Үкіметте талқыланып жатқан жаңа заң жобасының негізгі бағыттарын түсіндірді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен еңбек өтілі арасындағы өзара байланысты күшейту бойынша тапсырма берген болатын. Осыған орай “Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы” Заң жобасы және тұжырымдамасы, сонымен қатар “Еліміздің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы” Заң жобасы әзірленген.

– Жаңа заңның жобасында осы төрт әлеуметтік төлемді есептеу параметрлерін өзгерту қарастырылған. Жаңа тәсіл азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беріп, өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізетін болады, – деді Светлана Ферхо.

Елімізде 2005 жылдан бастап жұмысын жүргізіп келе жатқан мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 6 миллионға жуық адамды қамтиды. Жыл сайын 770 мыңнан астам адам қор арқылы 160 млрд. теңгеге жуық төлем алады. Жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы асырап алуға жұмсалған қаржы 62,2 млрд. теңгеге жетсе, баланың бір жасқа толуына байланысты күтіміне 74,1 млрд., еңбекке жарамсыздыққа – 9,9 млрд., асыраушысынан айырылу бойынша 7,8 млрд. және жұмыссыз қалғандар үшін 2,1 млрд. теңге жұмсалған.

Әлеуметтік аударымдар жұмысшының еңбекақысынан ұсталмайды, олар жұмыс берушінің қаржысы есебінен төленеді. Демек, жұмысшы меншік қаражатын жұмсамайды. Әлеуметтік аударымдардың мөлшері табыстың 3,5 пайызын құрайды. Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап 100 мыңға жуық төлем алушыға әлеуметтік төлемдер мөлшері 16 пайызға арттырылды.

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілген күннен бастап 4 млн. адам қордан 905 млрд. теңгеден астам әлеуметтік төлем алды. Қордың игілігін біздің жерлестеріміз де көріп отыр. Өткен жылы 19 мыңнан астам солтүстікқазақстандыққа 3,1 млрд. теңге көлемінде жәрдемақы берілген.

Елімізде ана мен баланы әлеуметтік қолдау тұрақты жүргізіліп келеді. Босанғаннан кейін бала күтімімен отырған аналар жәрдемақы алады. Ал бала туғаннан кейін жұмысқа шыққан ана 30 аптадан кейін еңбек заңнамасына сәйкес 126 күндік декреттік демалыс алады. Осы уақыт аралығында үйде отырған әйел табыссыз қалады. Осының орнын толтыру үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілікке және босануына байланысты бір реттік әлеуметтік төлем қарастырылған.

Жиын барысында жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақ және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері жаңа заңдағы әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қатысты өзгерістерді талқылап, өз сұрақтарына тұшымды жауап алды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp