Облыс әкімінің аппараты Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын атап өту шеңберіндегі жоспарға сәйкес өңіріміздің мемлекеттік қызметшілеріне арналған “Жаңа кәсіби стандарт” тақырыбында “дөңгелек үстел” ұйымдастырды.
Жергілікті атқарушы орган және азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысқан шара барысында алдымен жас мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады. Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Мадияр Қожахмет олардың қызметіне сәттілік тілей отырып, мемлекеттiк қызметшiлердің адамгершілiгiне және моральдық-этикалық бейнесiне қойылатын жоғары талаптар үдесінен шығатындарына сенім білдірді.
Бұдан кейін облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бөлім басшысының міндетін атқарушы Дулат Тайшабай жиналғандарға жаңа Әдеп кодексінің міндеттерін түсіндірді. “Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының қалыптары регламенттелген мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексіне сәйкес этика бойынша өкілетті өкілдер институты құрылып, олар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін болады”, – деді Дулат Қаратайұлы. Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметті жаңғыртуға бағытталған жаңашылдықтар жайлы айтып өтті. Ал аталмыш департаменттің мемлекеттік қызметті өткеру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Елена Степаненко “Мемлекеттік қызмет туралы” жаңа заң талаптары туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, енді мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болады. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметшінің мансаптық ілгерілеуі оның жұмыс тәжірибесіне тікелей байланысты әрі конкурстық негізде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі оның біліктілігі мен атқаратын жұмысының сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты заң тұрғысынан бекітіледі. Аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу қарастырылғаны да айтылды.
“Дөңгелек үстел” басына жиналғандар кәсіби мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарды қоюға мүмкіндік алды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.