Үстіміздегі жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексі қолданысқа енгізілді. 1997 жылы қабылданған Қылмыстық кодекс сияқты бұл жолғыда да “Мемлекеттiк қызмет пен мемлекеттiк басқару мүдделерiне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар” жөнінде жеке тарау бар.
Сонымен жаңа Қылмыстық кодекс қандай өзгерістерді қамтиды? Онда сыбайлас жемқорлыққа қатысты көптеген өзгерістер бар.
Біріншіден, қолданыстағы Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлық және лауазымдық қылмыстарға қатысты терминдердің мағынасы глоссарийде түсіндіріледі. Бұл Кодексті қолайлы және түсінікті қылып, құқықтық анықтық берді. Мәселен, глоссарийде бұрынғы Қылмыстық кодексте мүлдем болмаған және ол “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы” заңымен, Жоғарғы соттың нормативтік қаулыларымен айқындалатын терминдер бар. Сондай-ақ, “билік өкілі” терминінің мағынасы кеңейді. Енді оған мемлекеттiк қызметте жүрген, қызмет бабымен өзіне тәуелді емес адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен билік ету өкілеттіктері берілген адам, оның ішінде құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның, әскери полиция органының қызметкері, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын әскери қызметші жатады. Сондай-ақ, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалардың санаты да кеңейді. Жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адам – мемлекет функцияларын және мемлекеттiк органдардың өкiлеттiктерiн тiкелей атқару үшiн Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Конституциялық және өзге де заңдарында белгiленген лауазымды атқаратын адам. Оның ішінде Парламент депутаты, судья, сол сияқты, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк саяси лауазымды не “А” корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымын атқаратын адам.
Екіншіден, жаңа Қылмыстық кодексте “ауыр зардаптар” және “елеулі зиян” терминдеріне нақты түсініктемелер мен мысалдар берілген. Мәселен, “ауыр зардаптарға” сыбайлас жемқорлық іс-әрекеті салдарынан ірі немесе аса ірі залал келтіру жатады. Ал “елеулi зиян” – қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін бұзу және айтарлықтай залал келтіру. Бұрындары бұл мамандандырылған белгілер ескі Қылмыстық кодекстің сыбайлас жемқорлыққа қатысты баптарының диспозициясында болғанымен, ауыр зардаптар мен елеулі зияндарға не жататыны еш жерде түсіндірілмеген еді.
Үшіншіден, параны алу және беру жөніндегі баптарда “айтарлықтай мөлшер” деген жаңа салалық белгі бар. Айтарлықтай мөлшер – бұл 50-ден 3000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны (2015 жылы 1 АЕК 1982 теңгені құрайды). Сондай-ақ, ірі және аса ірі көлемдегі параның ең төменгі және шекті мөлшері де көбейтілді. Егер бұрынғы Қылмыстық кодексте ірі пара ретінде 500 айлық есептік көрсеткіштен жоғарылар танылса, жаңа құжат бойынша ол 3000-нан 10000 айлық есептік көрсеткішке дейінгілер есептелінеді. Аса ірі көлемдегі пара – 10000 айлық есептік көрсеткіштен асқан сома (бұрын 2000 АЕК-тен).
Төртіншіден, жаңа Қылмыстық кодекс сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған тұлғаларға жауапкершілікті қатайтты. Соның бірі – бірқатар тыйым салулар мен шектеулер. Егер бұрындары нақты лауазымды немесе белгілі бір әрекетті жүзеге асыру құқығынан 7 жылға дейін айырса, енді сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жазалаудың бұл қосымша түрі міндетті түрде және өмір бойына тағайындалады. Жемқорларға мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, мемлекеттік ұйымда немесе жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі 50 пайыздан асатын ұйымда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингте, ұлттық холдингте, ұлттық компанияда, ұлттық даму институтында, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) 50 пайызынан астамы өздеріне тиесілі олардың еншілес ұйымында, сондай-ақ, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) 50 пайызынан астамы көрсетілген еншілес ұйымға тиесілі заңды тұлғада жұмыс істеуге жол жоқ.
Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаларға шартты түрде соттау, сондай-ақ, бітімге келу арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босату, кепілгерлік белгілеу, қылмыс пен үкімнің мерзімінің өтіп кетуі сияқты қылмыстық жауапкершіліктен босату тәртіптері қолданылмайды.
Енді баптар санкциясында жемқорлық қылмыстың барлық құрамы бойынша мүлікті тәркілеу қарастырылған.
Жаңа заң соттарға жазаланған жемқорларды мемлекеттік наградаларынан, арнайы, әскери, құрмет және өзге де атақтарынан, кластық шен, дипломатиялық дәрежелері немесе біліктілік кластарынан айыру туралы ұсыныс жасауды міндеттейді. Бұрын бұл соттардың құқығында болатын.
Шетелдің немесе халықаралық ұйымдардағы лауазымды тұлғаларды жаңа Қылмыстық кодекс 366 және 367 диспозициялық баптардағы пара алатын және беретін субъект ретінде анықтады. Бүгінде парақорлық үшін белгіленетін бірде-бір санкция жазасын өтеп жатқан қылмыскерді қоғамнан оқшауламай, тұрғылықты мекенжайы бойынша бас бостандығын шектеу жазасын қарастырмайды.
Қылмыстық топ пара алса, не берсе, ол аса ауыр қылмыс болып есептелінеді. Ертеректе бұл ауыр қылмыстар санатына жататын.
Бесіншіден, параны алғаны, бергені және делдал болғаны үшін жаңа жазалаулар – параның көлемінде бірреттік айыппұл қарастырады.
Реттік айыппұл баламалы жаза ретінде парақорлыққа қатысты барлық баптар санкцияларына енгізілген. Ал бұрындары тек бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын.
Абылай ИГЕМБАЕВ,
Петропавл гарнизоны
әскери прокурорының аға көмекшісі.