«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА КОДЕКС — ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінен кейін еліміздің сот жүйесінде бірқатар өзгерістер болды. Атап айтқанда, жаңа кодекстер мен заңдар қабылданып, сот төрелігін жүзеге асыратын тұлғалар үшін жауапкершілік күшейтілді. Осының бәрі жинала келе қазіргі Судья әдебі кодексінің жаңартылуы мен жетілдіруін талап етті.

Судья әдебінің кодексі кәсіби-әдеп өлшемдерінің жиынтығы ретінде сот төрелігін жүзеге асыруда және соттан тыс қызметтегі мінез-құлықтың судья үшін міндетті қағидаларын белгілейді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың кәсіби-әдептік стандартын айқындайды. Сондықтан бүгінгі күні Судья әдебі кодексінің сот төрелігін жүзеге асырудағы алатын орны маңызды.

Қазіргі қолданыстағы Судья әдебінің кодексі 2009 жылы қабылданған. Бүгінде Қазақстан Республикасы Судьялар одағы жаңа кодекстің жобасын әзірлеуде. Жаңа кодекстің жобасы 5 тараудан, 33 баптан тұрады. Көлемі жағынан бұрынғыдан ауқымды бұл құжатта судья әдебінің нормалары егжей-тегжейлі реттеліп отыр. Яғни, жаңа кодекстің жобасында судьяның кәсіби қызметтегі мінез-құлқына, әкімшілік өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезіндегі және қыметтік міндеттен тыс кездегі мінез-құлқына қойылатын талаптар мен судьялардың жауапкершілігі арқылы ықпал ету шаралары белгіленген.

Жаңа кодекстің жобасы қазақстандық Фемида қызметшілерінің әдеп ережесін реттеп қана қоймайды, осы ережені бұзғаны үшін жауапкершілікті де анықтайды. Кодекс мемлекеттегі соттың рөлін күшейту, қылмыстық қудалау органдарының қызметін бақылауды кеңейту, қоғамдағы соттар және сот жүйесі туралы қалыптасқан көзқарасты түбегейлі қайта қарау керектігін аңғартады.

Жалпы айтқанда, әңгімемізге арқау болып отырған басты тұлға – судья сот ісін жүргізу қағидатын басшылыққа ала отырып, істерді қарау мерзімін созбау, сот төрелігінің сапасын арттыру, еңбек тәртібін және судья этикасының нормаларын сақтау, сот беделін көтеру туралы талаптарды үнемі бұлжытпай орындап, антына адал болуы керек.

Кодекс жобасында судьяның абырой-беделіне ерекше көңіл аударылып, оның сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңды және ар-ожданын басшылыққа алып шешім қабылдау қажеттілігі көрсетілген. Ол өз қызметі арқылы азаматтардың бойында Қазақстан Республикасының Конституциясын, елдің заңдарын құрметтеу сезімін қалыптастырып, заңның үстемдік принципін орнықтыруы тиіс. Сонымен қатар, қандай жағдайда болсын өзінің қызметтік міндеттен тыс кезде қызмет бабын өзінің жеке басының мүдделері, отбасы мүшелерінің, туыстары мен жақындарының мүдделері үшін пайдаланбауы тиіс.

Осы орайда Судьялар әдебі кодексінің жаңа жобасы да қазақстандық соттар қызметіне жаңаша серпін беріп, судьялар қауымдастығының қо­ғам алдындағы жауапкершілігін одан әрі арттыра түседі деп санаймын.

Дәурен ҚАЙРАТҰЛЫ,

кәмелетке толмағандар істері жөніндегі

мамандандырылған

ауданаралық соттың судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp