Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейлі белесімен бірге біздің өңіріміз де күн сайын қанатын кеңге жайып келеді. Облыс орталығындағы жаңадан құрылып жатқан шағынаудандарда көрікті көшелер бой көтеруде. Оларға облысымыздың тарихында айшықты қолтаңбалары қалған көрнекті тұлғалардың есімін беру мәселесі Петропавл қалалық мәслихаты тұрақты комиссиясының жария тыңдауында әңгімеге арқау болды.
Үстіміздегі жылы өңіріміздің бірқатар зиялы қауым өкілдері Солнечный кентіндегі жаңа көшелерге облысымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына, мәдениетінің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың есімдерін беру жөніндегі ұсыныстарын жеткізген болатын. Осыған орай Солнечный шағынауданының үш көшесін белгілі ақын, публицист Есләм Зікібаевтың, көрнекті ақын Ғалым Малдыбаевтың, қауіпті қылмыскерді құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция майоры Алексей Щербаковтың есімдерімен атау мәселесі айтылды.
– Бұл көшелер бұрын-соңды ешқандай атауға ие болмаған. Жария тыңдауды өткізгенге дейін тұрақты комиссияның мүшелері біраз жұмыстар атқарды. Петропавлдағы көше атауларының тарихы зерттелді. Тұрғындар тарапынан түскен өтініш-тілектер жауапсыз қалмай, ескерілді. Азаматтардың пікірлері әлеуметтік желілер арқылы да қызу талқыланды. Солнечный кентіндегі жаңа көшелерге өңірімізден шыққан айтулы тұлғалардың есімін беру арқылы Тәуелсіздігімізді, даңқты жерлестерімізді ұлықтап, ұрпақ жадында мәңгі қалдыра аламыз, – деді Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Павел Афанасьев.
Бүгінде облыс орталығында біздің өңірімізге мүлдем қатысы жоқ адамдардың атындағы көшелер жиі кездеседі. Мәселен, бір Сенная атауында – алты, Кирпичная деп аталатын төрт көше бар екен. Жиын барысында Бесінші Сенная көшесін атақты спортшы Қазбек Байболовтың есімімен атау, Явленка тасжолына Қожаберген жыраудың атын беру мәселесі ұсынылды. Тұрақты комиссия мүшелері, облысымыздың құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері көшелерге тұлғалардың есімдерін беруді бірауыздан қолдады.
Тұрақты комиссия мүшелерінің дауыс беруімен мəслихат хаттама толтырып, оны жергілікті атқарушы билік өзінің ақпараттық ресурстарында жариялайды. Бұдан кейін бұл ұсыныстар облыстық жəне республикалық ономастикалық комиссиялардың қарауынан өтуі тиіс. Үкімет қаулысымен толығымен бекітілген соң ғана көше атауы заңды болмақ, – деді Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлия Бейсенова.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.