«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА МАУСЫМДЫ СӘТТІ БАСТАДЫ

Сенбі күні солтүстікқазақстандық “Қызылжар” футбол командасы өз алаңында ақтаулық “Каспийді” қабылдады. Кездесуді қызылжарлықтармен бірге өңір басшысы Ерік Сұлтанов тамашалады.

– Өткен жылы Бірінші лигада өнер көрсеткен “Қызылжар” футболшылары 13 команданың ішінде төртінші орынға тұрақтады. Бұл жаман нәтиже емес, бірақ биыл оларға Премьер-лигаға шығу міндеті қойылып отыр. Алғашқы турда сырт алаңда “Байқоңыр” клубын 2:0 есебімен тізе бүктірген жерлестеріміз біріншілікке жақсы дайындықпен келгенін аңғартты. Олардың үздіктер қатарынан көрінулері үшін барлық жағдай жасалды. Қазақстан мен Түркияда оқу-жаттығу жиындары өтіп, жаңа спорт киімдері сатып алынды. Сондай-ақ, жаңа ойыншылармен келісімшартқа отырдық. Спортшылардан тек жеңістер күтеміз, – деді Ерік Хамзаұлы.

Сәуірдің шуақты күні “Қарасай” стадионына жиналған халықтың қарасы қалың болды. Оларды бұл кездесуге жетелеген құрамы жаңарған жерлес команданың жеңісіне деген үміт екені сөзсіз. Ақыры ойлағандары болды. Мол сенім артылған петропавлдық футболшылар өрнекті ойын көрсете білді.

Бірінші тайм тартысты сәттермен басталды. Жерлестеріміз қонақтар қақпасына тура соққылар жасағанымен, оның бірі қиыс кетіп, енді бірі тас қамал қорғаушылардан өтпей жатты. Қонақтар да қарап қалмады. Жиі шабуылдар ұйымдастырып, петропавлдық команданың айып алаңына бірнеше рет кірді. Бірінші таймның 18-ші минутында жерлестеріміздің тегеурінді шабуылының нәтижесінде жартылай қорғаушы Евгений Аверченко нысананы дәл көздеп, есепті ашты. Матчтың 42-ші минутында әріптесінен пас алған Бошко Ступич есепті еселей түсті.

Ойынның екінші бөлігі басталысымен қонақтардың бүгінгі кездесуді тым болмағанда тең нәтижемен аяқтаймыз деген ойлары жүзеге аспады. Төреші ысқырығынан кейін бір минут өтпей жатып командамыздың жаңа ойыншысы Георгий Макаев ала допты нысанаға дөп түсірді.

Кездесудің негізгі уақытына төреші үш минут қосты. Ойын аяқталуға санаулы секундтар қалған кезде стадиондағы төрт мыңнан астам көрермен төртінші голдың куәгері болды. 93-ші минутта қарсылас команда қақпашысының осал жерін тапқан Карам Сұлтанов жанкүйерлердің қуанышын еселей түсті. Есеп – 4:0.

Бұл жеңістен кейін 6 ұпай еншілеген “Қызылжар” командасы турнир кестесінің бірінші сатысына тұрақтады. Енді жерлестеріміз “Қарасай” стадионындағы кезекті ойынын сәуірдің 23-і күні “Мақтарал” командасымен өткізеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp