Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығында қазақ мектеп-интернаты ашылғаннан бері бұрынғы партия комитетінің тар ғимаратында тәрбие-білім беріп келеді. Оқушылар санының көптігі, пән кабинеттерінің жетіспейтіндігі сондай – онда білім нәрімен сусындайтын балалар үш ауысымда оқиды. Елбасының “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауына сәйкес осынау өзекті мәселе оң шешімін тауып отыр.
Үстіміздегі жылы 13 маусымда Новоишимка ауылында жаңа қазақ мектеп-интернатының құрылысы басталды. Аталмыш нысанды биылғы жылы облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында 100 пәтерлік жатақхананың, бесқабатты және үшқабатты тұрғын үйлердің құрылысын аяқтағалы отырған, Қызылжар ауданында су құбырын салып жатқан бүкіл облысымызға танымал компания – Андрей Капустин басқаратын “Альфа-Север” ЖШС қолға алып отыр.
Осы ауданға сапар барысында аталмыш құрылыс алаңына арнайы ат басын тіреп, жаңалыққа жаны құмар оқырмандарымызды атқарылып жатқан игілікті іспен таныстыруды мақсат еткен едік.
Құрылыс алаңына 3,5 гектар жер бөлініпті. Жұмыс қызу жүріп жатыр.
– Жобалық-сметалық құжат бойынша бұл жерде 400 орындық екіқабатты оқу және әкімшілік корпустар, 200 орындық үшқабатты интернат жатақханасы, моншакір жуатын орын, бу қазандығы, гараж ғимараттары, футбол, волейбол, баскетбол, гимнастика алаңдары болады. Осы мақсатқа “Нұрлы жол” бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 1,607 млрд. теңге бөлініп отыр. Осынау қаражатты бір жылдан асар-аспас уақытта толығымен игеруге тиіспіз, яғни жұмыс кестесі бойынша құрылысты 2016 жылы қазан айына қарай аяқтауымыз керек. Алайда, жұмыла еңбек ету арқылы аудан тұрғындары асыға күткен нысанды жаңа оқу жылы қарсаңында табыс етсек деген ниетпен еңбек етіп жатырмыз, – дейді “Альфа-Север” ЖШС-нің прорабы Серік Мырзабаев.
Құрылысшылар қазіргі кезде мектеп-интернат ғимараттарының іргетастарын қалауға жұмылған. Аталмыш нысандардың қабырғаларын қалайтын қыш кірпіштер мен темір-бетон тақталар да әкеліне бастапты. Сонымен аудан орталығының солтүстік-шығысындағы кең аумақ нағыз құрылыс алаңына айналған.
– Рельспен жылжитын алып кранды облыс орталығынан тасып жатуды жөн көрмей, осынау құрылыс үшін төрт қабатқа дейін жүк көтеретін арнайы шетелдік жаңа автокран, бетон әзірлейтін автомашина сатып алдық. Бүгінгі күні құрылыста үш кран, 50 адам жұмыс істеуде. Құрылысшылардың 30-ы – жергілікті тұрғындар. Адам күші жеткілікті. Мектеп-интернат үшін таңдалған жер де тамаша. Қанша қазсақ та, су шыққан емес. Бүгінгі күні негізгі ғимараттардың іргетасына облыс орталығындағы “Единство” ЖШС-нің темір-бетон блоктарын орнатып жатырмыз. Тамыз айының басында ғимараттардың қабырғаларын қалай бастаймыз. Оған Омбының сапалы әрі арзан қыш кірпіштері мен теп-тегіс темір-бетон тақталарын пайдаланамыз. Жұмыс кесте бойынша жүргізілуде, – дейді учаске басшысы Сергей Репринцев.
Бұл – Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда бой көтеріп жатқан екінші білім ордасы. Буденное ауылында Кәрібай Шаяхин басқаратын “ПМК-5” ЖШС салып жатқан 90 орындық мектеп ғимараты биыл пайдалануға берілмек. Сөйтіп, аудандағы апатты мектеп пен үш ауысымды білім ошағының проблемалары түбегейлі шешімін табатын болады.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.