«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА НЫСАНДАР АШЫЛДЫ

Наурыз мерекесі қарсаңында Саумалкөл және Лобаново ауылдарында наубайханалар ашылды. Саумалкөл ауылындағы нысанды жеке кәсіпкер Александр Гладкий іске қосты.

Нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының төрағасы Ағзам Тастеміров қатысты. Ол жиналғандарды нысандардың ашылуы және Наурыз мерекесімен құттықтап, соңғы жылдары елімізде шағын және орта бизнестің қарқынды дамып келе жатқандығын, оған аудан кәсіпкерлерінің де қосып отырған үлесі зор екендігін айтты.

– Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жалғастырыла беретінін айтты. Елбасы өз сөзінде бизнестің отандық өнімі сапалы, ыңғайлы және арзан болуы керектігін ерекше атап көрсетті. Біздің бүгінгі қуанышты іс-шарамыз осы сөздердің айғағы болмақ. Дәмдік сапасы жоғары жаңа нан өнімдері аудан тұрғындарының арасында кең сұранысқа ие болып, табыс әкелетініне сенім білдіремін, – деді Ағзам Тастеміров.

Александр Гладкий кәсіпкерлікпен 2004 жылдан бері айналысып келеді. Аудан орталығында “Орталық базар”, “Алтын тау” сауда орындарын ашқан кәсіпкер өзінің бастаған ісін одан әрі кеңейтуге бел буған. Наубайхана заманауи үлгідегі қондырғылармен жабдықталған.

Осы күні Лобаново ауылында да жеке кәсіпкер Андрей Леонтьевтің “Лобановолық кондитер” атты жаңа наубайханасы мен кондитерлік цехының ашылу салтанаты болды. Кәсіпкер мемлекеттік “Даму-Өндіріс” бағдарламасы бойынша мемлекеттен 8 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, бұрынғы өзінің азық-түлік дүкенінің екінші бір бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, заманауи үлгідегі қондырғылармен жабдықтап, безендірген. Жаңадан ашылып отырған кондитерлік цехтың иесі Андрей Леонтьев бес адамды жұмыспен қамтитын болады. Цех ауыл тұрғындары мен көршілес елді мекендерді нан өнімдерімен қамтамасыз етпек.

Бағлан КЕНЖЕБАЙҰЛЫ.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp