«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА НЫСАНДАР АШЫЛДЫ

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында Сырымбет ауылында жеке кәсіпкер Алма Нашарбекованың бастауымен жаңа наубайхана мен азық-түлік дүкені ашылды. Айтулы оқиға Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келді.

Жаңа нысандардың ашылуымен сырымбеттіктерді құттықтаған аудан басшысы Ағзам Тастеміров: “Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бері бағындырған шыңдары жетерлік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан көптеген бағдарламалар бар. Соның арасында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының орны ерекше. Үстіміздегі жылы біздің ауданымызда осы бағдарлама аясында 110 млн. теңгеге 41 жоба мақұлданып, көптеген жаңа нысандар ашылды. Жеке кәсіпкер Алма Нашарбекованың ашып отырған наубайханасы мен дүкені – солардың бірі. Жүзеге асырылып жатқан барлық игілікті істер – Елбасының шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасының нәтижесі”, – деді.  

Бұдан соң аудан басшысы наубайхана жұмысымен және дүкеннің азық-түлік өнімдерінің түрлерімен танысты.

Осы күні Саумалкөл ауылында “Баянтай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шағын элеваторы да іске қосылды. Онда 20 мың тонна астық сақтауға болады.

Жиналған қауымды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаған серіктестік басшысы Сырымбет Есенғалиев бұл нысан да мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып отырған жоба екендігін тілге тиек етіп, шағын элеватордың жұмысымен таныстырды.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

журналист.

СУРЕТТЕ: Сырымбеттегі жаңа наубайхана.

Суретті түсірген Елена НЕДОРОСТКОВА.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp