Алдағы жылдың жазында облыс орталығында тағы бір балабақша ашылады деп жоспарланып отыр. Облыстық құрылыс басқармасы берген тапсырыс бойынша 320 орындық балалар мекемесінің құрылысын жергілікті “Петрострой-Люкс” компаниясы жүргізуде. Бүгінде екіқабатты ғимараттың бірінші қабатының қабырғасы көтеріліп, коммуникациялық желі тартыла бастаған. Қызыл кірпішті ғимарат биіктеген сайын алыстан көз тартады. Бүгінгі таңда бұл құрылыс маңында 15 тас қалаушы мен 8 құрастырушы еңбек етуде.
2004 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан “Петрострой-Люкс” серіктестігінің құрылыс саласында қалыптасқан беделі бар. Бұған дейін қала ішінде бірнеше нысандарды қолға алып, жұмысын абыройлы аяқтаған олар жергілікті биліктің де сенімді серіктесі.
– Қазір бұл нысанда тас қалаушылар мен құрастырушылар ғана жұмыс істеп жатыр. Жаңа жылға дейін ғимараттың төбесін жауып, әрі қарай ішкі жұмыстарына кіріспекпіз. Жұмыс белгіленген жоспардан кешіктіріліп жатқан жоқ. Жақында тағы 10 тас қалаушыны жұмысқа тартпақпыз. Жұмыстың сапасы мен уақытына үлкен талап қойылады. Ең бастысы – осы талаптарды орындауымыз керек, – дейді серіктестіктің прорабы Алексей Галкин.
Талғат ТӘНІБАЕВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген автор.