Кеден одағы құрылғаннан бері төрт жыл өтті. Еуразиялық экономикалық одақ құру бағытындағы жұмыстар туралы Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жанындағы “Сауда саясатын дамыту орталығы” акционерлік қоғамының бас директоры Руслан Сұлтановпен әңгімелестік.
– Руслан Серікұлы, ортақ еуразиялық рынокты құруға не себеп болды?
– Кеден одағын құрудың негізгі экономикалық алғышарттары ретінде мынаны атап көрсетуге болады. Қазақстанның экономикасы әлі де шикізаттық сипатта болып қалуда, оны өндіріс пен тауарлар экспортының құрылымы айғақтайды.
1993 жылдан республика экономикасына тартылған шетелдік инвестициялардың басым бөлігі өндіруші секторға жұмсалды. Осыған байланысты Қазақстан дамуының тиімді жолы жеделдетілген индустрияландыру болып табылады, ал ол тұтыну рыногын кеңейтусіз мүмкін емес, өйткені, бұл Қазақстан экономикасының тартымдылығын көтеруге мүмкіндік береді. Бірыңғай нарық Қазақстанды еуропалық елдердің тартымды тұтыну рыногына шығарады және экономикасы мықты Қытай мен Еуропалық одақтың арасындағы байланыстырушы буын болып табылады. Ықпалдастықтың негізгі мақсаты ретінде экономиканы жаңғыртуды анықтаған және оның халқымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға әсерін түсінген Мемлекет басшысы сыртқы экономикалық саясаттың одан әрі даму бағытын белгіледі, ол Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестерді дамыту болды.
Экономикасының құрылымы ұқсас, ортақ проблемалары, шикізаттың тәуелділігі бірдей болғандықтан, Беларусь пен Ресейді де жүйелі экономикалық бірігуге ынталандырды.
– Көптеген сарапшылар еуразиялық ықпалдастықтың жоғары қарқында дамуын атап көрсетуде. Сіз бұл тұжырыммен келісесіз бе?
– Келіспеймін. Ықпалдасудың әрбір кезеңі алдын ала ойластырылды, бұл ретте Еуразиялық одақты құрудағы жинақталған және халықаралық тәжірибелер есепке алынды. Еуразиялық ықпалдасуды кезең-кезеңімен жүргізген кезде ЕурАзҒҚ пен ТМД-ға мүше елдер арасында еркін сауда іс жүзінде қолданылды. Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің сыртқы экономикалық байланыстары ТМД шеңберінде нығая түсті. Сауда саласындағы өзара пұрсаттылық, барынша қолайлы жағдайлардың тууы ықпалдасудың кезекті кезеңіне өтудің негізгі қозғаушы күші болып, осы елдер 2010 жылы Кеден одағын құрды. Бұл үш елдегі халықтың саны 170 миллион адамнан асады. Кеден одағы аясындағы қолға алынған жұмыстар ұлттық экономикаларды жаңғыртуға және кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталды. 2012 жылдың қаңтар айынан күшіне енген бірыңғай экономикалық кеңістік тауарлардың, қызметтердің, капиталдар мен адами ресурстардың еркін айналымын қамтамасыз ететін ықпалдастықтың нақты түрі болып табылады.
Еуразиялық ықпалдастық процесінің түпкілікті нәтижесі Еуразиялық экономикалық одақ болуы тиіс, оны құру туралы келісімшартқа 2014 жылғы 29 мамырда Астана қаласында қол қойылмақ. Белсенді түрде талқыланған келісімшарттың жобасына Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберіндегі қолданыстағы келісімдердің жинақталған нормативтік-құқықтық базасы, сондай-ақ, экономика саласындағы үздік әлемдік ықпалдастық практикасы алынды. Еуразиялық ықпалдастықтың айқын басымдылықтарының қатарына оған мүше елдердің ұлттық экономикаларын жаңғыртуға септігін тигізетін ішкі экономикалық шектеулерді алып тастауды, пурсатты сауданы, өткізу рыногының кеңеюін, инвестициялық тартымдылықтың өсуін қосуға болады.
– Қазақстандық экспорттың өсуіне қандай қосымша ықпал жасалады? Одаққа мүше елдердің нарығында белсене жұмыс істеуге не кедергі болуда?
– Қазақстанның экспорттық әлеуетін көтеруге бірыңғай мемлекеттік сатып алулар туралы қабылданған шешім ықпал етеді. Бұл жерде қазақстандық кәсіпкерлердің мүдделері жоғары, өйткені, мемлекеттік сатып алудың жалпы нарығы отандыққа қарағанда 26 есе көп.
Экспортта негізгі қиындық алкоголь, фармацевтік өнімдер сияқты тауарлардың Кеден одағы елдерінің нарығына кіруіне шектеу қойылуы болуы мүмкін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өзара саудадағы осы тектес кедергілерді жою бойынша жұмыстар атқарылуда. Шартты түрде айтсақ, бұл Кеден одағының осызаманғы даму кезеңіндегі кемшіліктер, олар біртіндеп жойылады.
Ықпалдасу еліміздің үдемелі индустриялық дамуының қозғаушы күштерінің бірі болды. Соның нәтижесінде орасан мультипликаттық әсері бар фармацевтік өнеркәсіп, автомобиль жасау салаларында Қазақстан үшін жаңа болып саналатын кәсіпорындар ашылды. Мәселен, былтыр “Hyunbai Auto Trans” кәсіпорны Беларуське 318 бірлік техниканы экспорттап, 2012 жылғы көрсеткішті 22 пайызға өсірді. Үстіміздегі жылы 11 мың жеңіл, жүк автомобильдері мен автобустарын экспорттау жоспарланған.
– Ортақ рынокта бәсекелестің болатыны сөзсіз. Үкімет біздің кәсіпкерлерді қолдау үшін қосымша шаралар қолдана ма?
– Кеден одағындағы бірыңғай рынокта бәсекелестіктің өскенін есепке алған Қазақстан Үкіметі шағын және орта бизнесті қолдау үшін бірқатар шаралар қабылдауда. Соның нәтижесінде салалық, мәселен, фармацевтік саланы дамытуға ықпал ету бағдарламасы, сол сияқты, жалпыұлттық шаралар жұмыс істеуде. Олардың арасынан “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасын атап айтуға болады. Бұл бағдарлама экономиканың шикізаттық емес секторында өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, жұмыс орындарын құруға және сақтауға бағытталған. Бағдарламаның негізгі міндеттері жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлердің валюталық тәуекелін азайту мен олардың әлеуетін күшейту болып табылады. Бағдарлама аясында берілетін несиелердің пайызын төмендету кәсіпкерлерге нақты көмек болуда. Бағдарлама туралы толық ақпаратты Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің http://minregion.gov.kz сайтынан табуға болады.
Мемлекет 2014 жылы екінші деңгейдегі банктер арқылы шағын және орта бизнесті қолдау үшін 100 миллиард теңге мөлшерінде қаржы бөлді. Бағдарламаның ашықтығы және оны кәсіпкерлерге түсіндіру үшін “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры негізінде тегін телефон желісі ашылды.
Қазақстандық тауарлардың экспортқа шығуына “KAЗNEX INVEST” экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі көмектеседі. Қазақстан Республикасының Үкіметі бизнестегі әкімшілік кедергілерді жою бойынша шаралар қабылдауда. Мемлекет басшысының шешімімен шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Жоғарыда аталған шаралар біздің бизнестің бәсекеге қабілеттілігін олардың экспорттық әлеуетін арттыруы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ.