
Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдығына орай гуманитарлық-техникалық колледжде “Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының бейбітшілік пен келісім орталығы” ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, өңіріміздегі ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері, білім ордасының ұстаздар қауымы мен студенттер қатысты.
– Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Елдегі ауызбіршілік пен татулық этностардың бір-біріне деген құрметінің арқасы. Олардың басын бір арнаға тоғыстыруда Елбасының бастамасымен құрылған Ассамблеяның алар орны ерекше. Оның жұмысын біздің студенттеріміз де жан-жақты танып білулері керек. “Бейбітшілік пен келісім” орталығын құрудағы мақсат осы, – деп атап көрсетті жиынды ашқан аталмыш колледждің президенті Александр Мерк.
Өткен жылы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасы ашылса, артынша облыс орталығындағы құрылыс-экономикалық колледжінде достық пен татулықты дәріптейтін орталық құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Тұсауы кесілген мына орталық та ұлтаралық ауызбіршілікті нығайтуға қызмет етпек.
– Қазіргі күні Ассамблея қоғам үшін маңызды функцияларды жүзеге асыруда. Олар: елдегі ұлтаралық келісімді нығайту, қазақ халқының әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, мәдениетін, тілін насихаттаумен қатар, өздерінің де болмыстарын өзгелерге танытуға ұмтылыс жасауда, – деді Анатолий Башмаков.
Жаңа орталық мұражай тұрғысында жасақталған. Одан өңіріміздегі көптеген этностардың тарихы жайлы мол мағлұмат алуға болады.
– Орталықты құруда колледж оқытушылары ғана емес, студенттеріміз де қыруар іс тындырды. Мұнда қазіргі күні тоғыз этностың тарихымен танысуға болады. Алдағы уақытта олардың саны тағы толықпақ. Ал сөрелерге қойылған жәдігерлер 300-дің үстінде. Оның бәрі өңір тұрғындарынан жиналды, – дейді орталық меңгерушісі Борис Самусев.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
Петропавл қаласы.