
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында өңір жағымды жаңалықтармен айшықталуда. Кеше Петропавл қаласында “Astek” автоорталығы пайдалануға беріліп, салтанатты шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.
– “Renault” және “Nissan” әлемдегі ең ірі өндіріс компанияларының бірінен саналады. Өзіміз көріп отырғанымыздай, нысан жақсы, заманауи үлгіде салынған. Елбасымыз экономиканың дамуына инвестиция тартуға ерекше көңіл аудару керек екенін айтқан болатын. Біздің облысымызда осы бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Жаңа нысанның ашылуы бюджетке де қосымша қаржы әкеледі. Бұл орталықты салуда тек қана жекеменшік қаражат жұмсалды. Автоорталық болашақта жақсы жұмыс істейтініне сенім зор, – дей келе Ерік Хамзаұлы орталық ұжымына сәттілік тіледі. Өңір басшысы “SK Holding Company” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Сергей Корельчукпен орталықтың ішін аралап көрді.
“Astek” орталығында қазіргі таңда “Renault” және “Nissan” маркалы көліктердің бірнеше түрі сатылымға қойылған. Бағалары да әртүрлі. Петропавл қаласын қоса алғанда бұл компанияның Қазақстан бойынша бес орталығы жұмыс істейді. Серіктестіктің бас директоры Сергей Корельчуктың айтуынша, аталмыш орталық көліктерді сату және сервистік қызмет көрсетумен айналысады. Бұл – сәтті жүзеге асырылған жобаның бірі. Жоба құны – 1,4 миллиард теңге. Орталық мамандары еуропалық стандартқа сай жұмыс істейтін болады.
Тұтынушылар үшін арнайы несие бағдарламалары да қарастырылған. Сонымен қатар, орталықта 75 адам жұмыспен қамтылмақ. Журналистерге берген сұхбатында Сергей Корельчук ескі көлікті жаңа машинаға ауыстыруға болатынын да тілге тиек етті. Биылғы жоспар бойынша 400-дей көлік сатылуы тиіс. Ал машиналар Ресейдің Мәскеу қаласында құрастырылады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.