Петропавл қаласындағы он екі пошта бөлімшесіне жаңа индекстер берілді. Бұл жайында “Қазпочта” акционерлік қоғамы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының пошта байланысы бөлімшесі бастығының орынбасары Елена Никлевич хабарлады.
– Жаңа пошта индекстерінің негізгі артықшылығы жеті саннан тұратын кодтарды тез және жеңіл тану есебінен пошта жөнелтілімдерін өңдеуді жеделдетеді. Бұл жобаны іске асыру үшін сәуірде орталық аппарат департаменті қызметкерлері жүйені жұмыста пайдалану, жаңа пошта индекстерін дерекқорға енгізу бойынша оқытылды. Сондай-ақ, алушының мекенжайын жеті торға толтыру үшін жаңа графалар қарастырылған конверттер әзірледік. Жаңа пошта индекстері Петропавлдың 12 пошта бөлімшесіне берілді, – деді ол.
Жаңа жүйеге сәйкес пошта индексінің көлемділігі 7 символды құрайды. Бұл – сандар мен әріптер. Алғашқы үшеуі өңір мен қаланы, қалған төрт символ ғимаратты білдіреді. Петропавл қаласының индексі – ТО1.
(Өз тілшіміз).