Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 2015 жылдың қыркүйегінен бастап барлық мектеп жүйесінде ауқымды қайта құруды жүзеге асыруға кіріседі. Себебі, 2026 жылы еліміз толығымен жаңа білім беру стандартына көшпек. Сол кезде жоғары сынып оқушыларының сабақ кестесіне “Жаһандық перспективалар және жоба жұмысы” атты жаңа пән енгізіледі. Осыған орай Астана қаласындағы “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымдарының педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетімен бірлесіп бағдарлама әзірледі. Ол бойынша еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде жаңа пәнді оқытатын мұғалімдер мен тренерлерді дайындау басталды. Бүгінгі таңда республикада 25 тренер дайындықтан өтті. Олар 2016 жылдың қаңтар айынан бастап аталмыш пән негіздерін оқыту әдістемесін еліміздің басқа өңірлеріндегі мұғалімдерге үйрете бастайды.
Аталмыш пәнді оқыту әлем тәжірибесінен және осызаманғы білім беру саласындағы уақыт талабынан туындап отыр. ХХІ ғасырда табысты болу үшін балалар нені оқуы керек? Оларды үйретуде барынша тиімді әдіс не? Осы сауалдардың жауабындай пән бағдарламасы оқушыларды жоспарлауға, жобалар мен зерттеулерді талдау мен бағалауға үйретеді. Сонымен қатар, оқушылар түрлі басылымдар мен интернеттен ақпарат алуды, оларды түсініп, ғылыми-зертханалық тақырыптардың қолжетімді фактілеріне қысқаша сипаттама беруді үйренеді. Оқушылар осызаманғы әлем мәселелері мен нақты міндеттерді анықтап, оның шешімін табу жолдарына ұсыныстарын айтуға жаттығады. Балалар өз білімдерін әртүрлі жағдайларда пайдаланып, болашақта бәсекеге қабілетті болуға және еліміздің алдында кездесуі мүмкін күрделі мәселелерді шешуге қатысуға мүмкіндік алады.
Жаңа пән оқушыларды жоғары оқу орнына түскен кезде өз беттерімен жұмыс істеуге, ойлауға, ғылыми жұмыстар орындау кезінде білімдерін іс жүзінде пайдалана білуге дағдыландырады. Әр оқушы тоқсан бойы демография, дін, адам құқығы, мемлекеттік басқару, білім, экономика, тағы басқа ұлттық, жаһандық деңгейде ерекше маңызға ие тақырыптарға бір жеке жоба дайындайды. Бұл тақырыптар оқушының жергілікті, ұлттық және жаһандық деңгейде өз көзқарасын білдіре отырып, зерттеу жүргізуіне және талдау жасауына, бағалауына, салыстыруына ықпал етеді.
“Жаһандық перспективалар және жоба жұмысы” пәні жаңа стандарт бойынша 10-11-сыныптарда оқытылатын болады. Әзірге сол пәнді оқытатын мұғалімдерді даярлау жұмыстары жүргізіледі.
Ирина ФОЛЕНВЕЙДЕР,
Петропавл қаласындағы
педагогикалық шеберлік орталығы
филиалының менеджері.