2014 жылғы 25 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетінің облыстық департаментінде “Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы” АҚ-ның электр қуатын беру және бөліп тарату жөніндегі қызметтерінің жаңа тарифі бекітілді, ол 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Тариф тұтынушылар үшін 0,15 теңгеге өседі және ҚҚС-сыз 1 кВт/с. үшін 3,56 теңгені құрайды.
2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанға дейін “Солтүстік Қазақстан ЭТК” АҚ үшін саралау әдісін қолданып, электр қуатын беру және бөліп тарату жөніндегі қызметтердің жаңа тарифі ҚҚС-сыз 1 кВт/с. үшін 3,416 теңге құрағанын естеріңізге сала кетейік.
Соңғы екі жылда энергетиктер үшін жаңа тарифті саралау әдісін қолдану арқылы оның ұзақ мерзімге (тариф 5 жылға белгіленген) бекітілгені және жылдың аяғында оны нақтылау мүмкіндігі жаңалық болып табылды. Кәсіпорын қызметінің есептелген тиімділігі бекітілген тарифке өзгерістер енгізудің негізі бола алады: электр тарату компаниясы жылдың соңына тәуір өндірістік көрсеткіштерімен келсе, тариф көтерілу жағына нақтыланады, кәсіпорынның көрсеткіштері төмен болған жағдайда энергетиктерге тарифті көтеруге рұқсат етілмейді.
Саралау әдісімен республиканың барлық электр тарату компанияларының көрсеткіштері алынып, салыстырылады және де жыл қорытындысындағы компания қызметінің тиімділігі бойынша кәсіпорын тиімділігінің коэффициенті (Х-фактор) анықталады. Бұл коэффициент жыл сайынғы тарифтің нақтылануында шешуші рөл атқарады. Кәсіпорын биыл 2013 жылдың нақты өндірістік және қаржылық көрсеткіштері туралы ақпаратты уәкілетті органға ұсынды. Ол қызмет көрсету аймағы, қосылған тұтынушылардың саны, электр беру желілерінің жалпы ұзындығы, трансформаторлардың саны мен қуаты, электр желілерінің ең жоғары жүктемесі, берілген электр қуатының нақтылы шығыны мен көлемі және компанияның жалпы шығындары, тозу деңгейі мен табысы туралы мәліметтерден тұрады, деп түсіндірді “Солтүстік Қазақстан ЭТК” АҚ-ның бас директорының орынбасары Евгений Политкин.
Алдағы бесжылдық мерзімге тариф бекіту үшін департаментте электр қуатын жеткізудің жоспарлы көлемі айқындалды, оның 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін 1,5 пайыз немесе 18 млн. кВт/с. мөлшерінде өсімі болжанып отыр. Табиғи монополиялар туралы заңнама талаптарына сәйкес “Солтүстік Қазақстан ЭТК” АҚ-да бесжылдық кезеңге электр қуатының нормативтік-техникалық шығындары есептеліп, бекітілді. 2010 жылдан бері кәсіпорында электр қуатының нормадан астам шығындары толығымен жойылды, іс жүзінде нормативтік-техникалық шығындар деңгейі 2010 жылғы 13,59 пайыздан 2013 жылы 11,18 пайызға дейін төмендеді. Ал үстіміздегі жылы нормативтік-техникалық шығындар деңгейі 13,44 пайыз мөлшерінде бекітілді, бірақ нақтылы мөлшері 11,15 пайыз болады деп күтілуде. Бүгінгі күні энергетиктердің шығындарды төмендету жөніндегі жұмысты белгіленген кестеден бұрын орындап жатқаны белгілі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында елдің электр қуаты саласының дамуына ерекше назар аударды. Осыған орай “Солтүстік Қазақстан ЭТК” АҚ энергетиктері үшін компанияның электр жабдықтарын жаңарту талабы бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі болып отыр.
– Жабдықтардың тозу деңгейін төмендету және шығындарды азайту – кәсіпорынның таяудағы жылдарға және болашаққа бағдарланған басым міндеті. Кәсіпорынның қол жеткен жетістіктері – жоспарлы, егжей-тегжейлі және көп жылдар бойы жүйелі жүргізіліп келе жатқан жұмыстың жемісі. Үстіміздегі жылдың он айында жөндеу науқаны шеңберінде 155 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа 1006 шақырым әуе желілері, 2,3 шақырым кабель желілері, 110/35 кВ 16 қосалқы станса, 10/0,4 кВ 120 трансформаторлық қосалқы станса жөнделді. Энергетикалық жабдықтардың мерзімінен бұрын тозуының теріс әсерін жою, өңір тұтынушыларының электр қуатымен сенімді жабдықталуын қамтамасыз ету, сол сияқты электр қуаты шығынын жыл сайын төмендету жөніндегі Үкімет бағдарламасын орындау үшін кәсіпорын бекітілген инвестициялық бағдарламалар аясында күрделі салымдар жасауда. 2014 жылы кәсіпорынға 1050 млн. теңгенің инвестициялық бағдарламасы бекітілді, ол 2013 жылғы инвестициялық салымнан 22,5 пайызға немесе 193 млн. теңгеге көп, – деді “Солтүстік Қазақстан ЭТК” АҚ-ның бас директоры Александр Райзлин.
Таяудағы бес жыл ішінде энергетиктер жөндеу жұмыстарына 1 232 млн. теңге жұмсауды жоспарлауда. 2015 жылдың жоспары бойынша 219 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа 1,5 шақырым кабель желілері, 1137 шақырым әуе желілері, 110/35 кВ 10 қосалқы станса және 144 трансформаторлық қосалқы станса жөнделеді. 2016 жылы жөндеу жұмыстарына – 233 млн. теңге, 2017 жылы – 247 млн. теңге, 2018 жылы – 263 млн. теңге және 2019 жылы 270 млн. теңге жұмсалады деп жоспарлануда.
Инвестициялық бағдарламалардың қаржыландыру көздері, негізінен, кәсіпорынның өз қаражаты болып табылады. Олар тариф ішінде қарастырылған амортизациялық аударымдар мен кәсіпорын пайдасы есебінен құралады.
Александр СЕМЕНЧУК,
“СевКазЭнерго” АҚ-ның жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімінің басшысы.