Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегеновтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр қуатының тарифі өсетіні айтылды.
– Өткен айда “Севказэнергосбыт” ЖШС-нен электр қуаты тарифін көтеруге қатысты өтінім түскен еді. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мәселені анықтау мақсатында экономикалық сараптама жүргізіп, нақты шешім шығарды. Серіктестіктің бізге ұсынған өтінімі бойынша тарифтің өсімі 7,5 пайыз болатын. Алайда, тарифті 5,5 пайызға ғана өсіруді бекіттік. Қосымша құн салығымен есептегенде, орташа тариф бір киловатт/сағатқа 13,86 теңге болса, жаңа жылдан бастап 14,62 теңгені құрайды. Жеке тұлғалар бұған дейін 12,28 теңге төлесе, жаңа тариф бойынша енді 12,94 теңге төлеуі тиіс. Қосымша құн салығымен есептегенде, заңды тұлғалар 14,68 теңгенің орнына енді 15,51 теңге төлейтін болады, – деді Арман Тұрсынұлы.
Оның айтуынша, электр плиталарын қолданушылар мен оны пайдаланбайтын тұрғындар үшін сараланған тариф бар. Газды пайдаланатын тұтынушылардың әрқайсысы үшін сағатына 70 киловатт, электр плитасын пайдаланатындар үшін 90 киловатт қолдану нормасы белгіленген. Осы орайда газды тұтынатындар электр қуаты үшін 11,5 (бұрын – 10,9 теңге) теңге, электр плиталары барлар енді 10,5 (бұрын – 9,9 теңге) теңге төлейді.
Отырыс барысында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясын бөлшек тұтынудың бағасы тұрғындар үшін 5,4 пайызды, қалған тұтынушылар үшін 5,6 пайызды құрайтыны, сараланған тариф бойынша жеке тұлғалардың электр энергиясын тұтыну көлеміне байланысты есептелетіні айтылды. Жеке тұлғалар үшін екі аймақтық жүйе бойынша есептеу жағдайында қосымша құн салығынсыз түнгі тариф 1 киловатт/сағатқа 3,47 теңге болса, күндізгі тариф – 15,02 теңге. Ал заңды тұлғалардың үш аймақтық жүйе бойынша тұтынуын есептеу жағдайында түнгі тариф – 4,16 теңге, күндізгі – 13,85, кешкі тариф – 30,55 теңге.
Арман Өтегеновтің айтуынша, 2015 жылғы қаңтар, шілде айларында электр қуатының тарифі 12 пайызға өсті. “KEGOK” және “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” акционерлік қоғамдары тарифтерінің көтерілуі жаңа тарифтің өсуіне негіз болған.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.