«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ ТИІМДІ

Оқытудың жаңа технологияларын пайдалану оқушының шығармашылық, зияткерлік қабілетінің дамуына, өз білімін өмірде пайдалана білу дағдыларының қалыптасуына көмектеседі. Оған өз сабақтарымда көзім жетті. Жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, балалардың ұсыныс-пікірлерін еркін айтқызамын. Бұл оқушының ойын ұштауына және өзіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Өткізген әр сабағымды оқушының қиялына негіздеп құрып, сөйлетуге үйретемін. Түрлі тәсілдерді пайдаланып, қабілеті жоғары баланы іздеп, онымен қосымша жұмыс жүргізіп, оқушылардың шығармашылық деңгейін бақылап отырамын.

Әдебиеттік оқу сабақтарында сын тұрғысынан ойлау технологиясының элементтерін жиі пайдаланамын. Мысалы, “Болжау” әдісінде мәтіннің бастапқы бөлігін беріп, қалғанын оқушылар өздері жалғастырады. Сабақ соңында өтілген тақырыпқа байланысты 5 жолды өлең құрастыру да баланың қиялын ұштайды. “Венн диаграммасы” бойынша оқушылар кейіпкерлердің өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын табады. Семантикалық картамен жұмыстарды жиі қолданамын. Бұл технологиялар бастауыш сынып оқушысының оқуға қызығушылығын арттырып, өз бетімен білім алуына мүмкіндік береді, тіл байлығы артады.

Қазақ тілі сабақтарында дамыта оқыту технологиясы қолайлы. “Зымыран сұрақ” ойынында сыныпты топтарға бөліп, бір уақытта бірдей сұрақтар қоямын. Оған жылдам әрі нақты жауап берулерін қадағалаймын. “Жұмбақ сөз” ойынында әр топқа жеке-жеке мақал-мәтел айтамын. Бірақ оның баяндауышын “үнсіз айту” белгісімен оқимын. Оқушыларға жасырынған сөзді табу міндеті қойылады. “Кім жылдам?” әдісі бойынша “Қ” дыбысынан басталатын қала аттарын жазу, “Кім тапқыр?” ойынында “Адасқан әріптерден” сөз құрау ойындары оқушылардың ойлау қабілеттерін жетілдіреді.

Алтыншаш ҚАБДОЛЛАҚЫЗЫ,

Мамлют қазақ мектеп-интернатының

бастауыш сынып мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp