«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңа төраға таныстырылды

Кеше облыстық соттың ғимаратында өңір басшысы Ерік Сұлтановтың, Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Анатолий Смолиннің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте облыстық соттың жаңа төрағасы таныстырылды.

Мемлекет басшысының үстіміздегі жылғы 20 маусымдағы Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметіне Ерлан Айтжанов тағайындалған болатын.

– Қазіргі уақытта сот әділдігі, ашықтығы мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Судьялардың халық сеніміне ие болуы маңызды. Осындай талап тұрғысынан біз Ерлан Жұмаханұлының кандидатурасына тоқталдық. Жаңа төраға бұған дейін сот органдарында ұзақ жыл қызмет атқарып, тәжірибе жинақтаған білікті маман. Бұрынғы төрағаның жетістіктері де көп болды. Ендігі мақсат – сол жұмысты еселей түсу қажет, – деді Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин.

Ерлан Айтжанов – Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің түлегі. Әр жылдары Алматы қалалық арбитраж сотында судья, сол қаладағы Жетісу аудандық сотының төрағасы, Атырау облыстық сотының, Алматы қалалық сотының, Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істері жөніндегі алқа төрағасы болған. 2011 жылдан осы тағайындауға дейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды.

Жиын барысында облыс әкімі Ерік Сұлтанов қызмет еткен үш жылға жуық уақытта өңіріміздің сот жүйесі қызметінде біраз жетістіктерге қол жеткізген Мұратғали Әкетайдың еңбегін жоғары бағалады.

Қызмет жолында облыс прокурорының орынбасары, облыстық соттың алқа төрағасы жұмыстарында бай тәжірибе жинақтаған Мұратғали Әкетай өңірдің сот жүйесін республика бойынша алдыңғы қатарға шығарғанын атап өтті.

Осындай білікті маман Мұратғали Абрарұлы Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Құқық қорғау органдарының басшылары облыстың сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін оған алғыстарын айтып, жаңа қызметте сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жергілікті деңгейде бірқатар тағайындаулар болды. Бауыржан Жайжұманов – облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, Нұрмахан Ілиясов – Петропавл қалалық сотының судьясы, ал Арайлым Жанатқызы қалалық №2 сотының судьясы болып тағайындалды.

Осы күні құрметті қонақтар облыстық сот мұражайының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp