Өткен жұма күні Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков Мәдениет үйінде “Береке”, Сенная база, Жұмысшы кенті, вокзал маңы және Универсальная – Егемен Қазақстан – Абай – Әуезов көшелерінің шекараларындағы шағынаудандардың тұрғындары алдында есеп берді.
Бұл шара биыл да «Facebook» әлеуметтік желісіндегі «Ашық Петропавл» және «Петропавл SQO» топтарында тікелей эфирде көрсетілді. Жиында Болат Серікұлы алдымен өткен жылы облыс орталығында атқарылған ілкімді шаруалар жайлы баяндады. Бірақ әдеттегідей баяндама қағаз бетінен оқылған жоқ, шаһар басшысы маңызды оқиғаларды жиырма минуттың ішінде өз сөзімен айтып берді. Сөйтіп, жиналғандардың өтініш-тілектерін тыңдауға басымдық беріп, есеп берудің жаңаша форматы оң бағасын алды.
Өткен жылы қалалық әкімдікке тұрғындар тарапынан 17 мың өтініш келіп түскен. Әкімдік мамандары соңғы үш жылдағы өтініштерге талдау жасап, олардың дені ұқсас екенін анықтаған. Қалалықтарды көбінесе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері толғандырған екен.