Білім мен тәрбие беруде ең маңызды мақсат – қазіргі заманда табысты өмір сүруге дайын, жан-жақты дамыған, шығармашылық тұлға қалыптастыру. Осыған орай мектептер заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, Интернет желілері тартылған, электрондық оқыту жүйелері енгізілген. Оған Астана қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде еліміздің қазақ тілі пәні мұғалімдерінің қатысуымен өткен “Қазақ тілін оқытудағы инновациялық бастамалар: Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесі” атты республикалық форумда тағы куә болдық.
Форумның негізгі мақсаты Зияткерлік мектептердің мұғалімдерінің қазақ тілін оқытудағы жаңашыл тәсілдерді пайдаланулары бойынша тәжірибе алмастырып, диалогтік алаң құру болды. Аталмыш мектептер “Кіріктірілген білім беру бағдарламасы” бойынша жұмыс істейді екен. Бұл бағдарлама тілдерді оқыту қызметінің төрт түрін: тыңдау, сөйлеу, оқу, жазу дағдыларын дамытуға негізделген. Бұл сабақтарда оқушылардың функционалдық сауаттылығы, сыни тұрғыдан ойлау, ақпаратты өздігінен табу, алу, талдау дағдылары жақсы дамиды. Форумда іс-тәжірибе алмасу бойынша “Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың мәселелері”, “Әдеби шығармаларды талдау”, “Оқу мен жазу дағдыларын меңгеру”, “Қазақ тілі сабақтарында аудио және бейнематериалдарды пайдалану”, “Қазақстан тарихы, география сабақтарында қазақ тілін үйрету”, “Тілдік ортаға енгізу: тәжірибе және тәсілдері” тақырыптары бойынша жұмыс жүргізілді. Онда өзге қалалардағы Зияткерлік мектептердің ұстаздары жаңа білім беру бағдарламаларын сабақтарына енгізу кезінде жинаған тәжірибелерімен интерактивтік түрде бөлісті.
“Қазақ тілі сабақтарында аудио және бейнематериалдарды пайдалану” секциясына қатысып, өз тәжірибеме қажетті көптеген мәліметтер алдым. Мәселен, “Мультфильмді қолдану арқылы оқушының тілдік қорын байыту”, “Оқушыларға берілетін дыбыстық және көру тапсырмаларының ерекшеліктері”, “Қазақ әндері мен күйлерін тіл үйрету құралы ретінде қолдану” тақырыптарына арналған сабақтар өте тартымды өтті. Орыс мектептерінде “Ертегілер. Ертегілердің кейіпкерлері” деген тақырыптар кездеседі. Ұстаздар 45 минут сабақты өткізу үшін аз тер төкпейміз. Алайда, кейде нені қалай өткізерімізді білмей, қиналып қалатынымыз рас. Секция барысында дыбыстық және бейнетаспалар материалдарын қолданып, өте қызықты, ұтымды сабақ өткізуге болатынын көрдік. Онда мультфильмнен үзінді көрсетіліп, сол арқылы көптеген тапсырмалар құрастырылды. Мультфильмді бастамас бұрын оқушыларға кейіпкерлердің киіміне, сөйлеген сөздеріне, мінезіне, фильм құрылымына, т.б. назар аудару қажеттігі айтылды.
Көрсетілім аяқталған соң оқушылар тапсырмаларға жауап берді. Нәтижесінде әр баланың қаншалықты назар аударып көргені, түсінгені анықталды. Келесі бір тапсырманың түрі сын тұрғысынан ойлауға байланысты болды. “Шеберлігіңді шыңда!” әдісі бойынша оқушылар көрсетілімге байланысты өз пікірлерін немесе мультфильмдегі негізгі ойды парақшаларға жазып, қабырғаға ілді де, басқалары “Галереяны шарлап оқу” арқылы бір-бірінің жұмыстарымен танысты. Бұдан шығатын қорытынды: аудио-көру материалдары арқылы оқушылар өз ойларын, көзқарастарын жасқанбай білдіруді үйренеді, әдеби мәтінге қорытынды жасау, талдау дағдыларын меңгереді. Сабақта тек бір кітаппен шектеліп қана қоймай, қазақтың өлеңдерін, мультфильмдерін, газет пен журналдан алған мәтіндерді, Интернет қорларын пайдаланған өте пайдалы.
“Драмалық шығармаларды талдау” тақырыбына арналған шеберлік сабағы да ерекше үлгіде ұйымдастырылды. Пән мұғалімі көшбасшылық қасиетін танытты. Әдеттегідей сабақтың тақырыбын жарияламай-ақ, оған өзінің жетелеу сұрақтары арқылы жетті. Қатысушылар тақырыпты өздері анықтап, топтарға бөлініп, жұмыс істеді. Онда “Драмалық шығарма дегеніміз не?” деген сауалға жауап ізделді. Топтардың біріне мәтіннен, екіншісіне диалогтан үзінді берілді. Топтар өз тапсырмалары бойынша ойларын дәлелдеп, сабақтың мақсатына жетті.
Форумда тәжірибе алмасумен қатар, барлық өңірлерден келген әріптестерімізбен танысып, әңгімелестік. Білім беру саласында болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтар төңірегінде ой бөлістік.
Назгүл МҰҚАНОВА,
“БЭСТ” гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Петропавл қаласы.