Қызылжар ауданындағы Якорь елді мекенінде жаңа цех ашылып, ол шұжық және жартылай дайын өнімдер өндіруге кірісті. Кәсіпкер тауарларын “DI – MAR” деген сауда белгісімен шығаруда.
Марика Безуголова кәсіпкерліктің тізгінін жақында ғана ұстады. “Даму” қорының “Бизнес-кеңесші” бағдарламасы бойынша іскерліктің қыр-сырына қаныққаннан кейін бойында жігер мен сенімділік ұялағандай болды. Курста оқыған кезде мемлекеттік қолдаудың тетіктері көп екеніне көз жеткізді. Өзінің бизнес жобасын дайындап, өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды Германиядан алдыруды жоспарлаған кәсіпкер бастағалы отырған ісіне қажетті қаражатты “Казком” АҚ өңірлік филиалының несие беру бағдарламасы арқылы рәсімдеді. Аталмыш қаржы институты – Ұлттық қордан тауарөндіруші кәсіпорындарға бөлінген демеуқаржыны игеруші банктердің бірі. Нәтижесінде, кәсіпкердің алған несиесінің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызға дейін қысқарды.
“Марика” жеке кәсіпкерлігінде якорьлықтарға 7 жұмыс орны ашылды. Бірінші күннен бастап кәсіпкер цех өнімдерінің сатылу географиясын кеңейтуді ойлауда. Өндіріс орны айына 5 тонна мұздатылған өнім шығара алады. Өндіріске жергілікті тауарөндірушілердің шикізаты пайдаланылуда.
– Мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсіпкерлігімізге үлкен жеңілдік жасалды. Мақсатымыз – өңірдің барлық аудандарында өнімдерімізді сату, – дейді Марика Безуголова.
Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қорының
менеджері.