«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ – ДАМУ ТЕТІГІ

2014 жылы 11 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміздің ұлттық дамуының “Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты өршіл Жолдауын ұсынды. Онда әлемдегі күрделі геосаяси жағдайда елімізді әрі қарай дамытудың негізгі басымдықтары айқындалған.

Елбасы атап айтқандай, мұндай сындарлы сынаққа күшті мемлекет пен жұдырықтай жұмылған халық қана төтеп бере алады. Сондықтан ауданның жергілікті атқарушы органдары, шағын және орта бизнес субъектілері, ауыл шаруашылығы құрылымдары, Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруға бағыт ұстанған. Мемлекет басшысының экономикалық өсімді әрі қарай қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға байланысты ауданда оң өзгерістердің қалыптасқандығын, сол сияқты экономиканың барлық салаларын нәтижелі дамыту үшін мықты іргетас қаланғанын атап айтқан жөн.

Ғ.Мүсірепов атындағы аудан Солтүстік Қазақстан облысы экономикасының айтарлықтай бөлігін қалыптастырады. Оған 2014 жылдың қорытындысы дәлел бола алады. Мысалы, облыстың жалпы өңірлік өнімі көлемінде біздің аудан – 10%-ды, өнеркәсіп өнімдерін шығаруда – 10,4%-ды, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруде – 13,9%-ды, шағын және орта бизнестің белсенді субъектілері санының үлесінде – 5,4%-ды, облыстың инвестициялық құрылымында 26,1%-ды иеленеді, тауарлы астықтың бестен бір бөлігін немесе 20%-ын өндіреді.

Ауданның жалпы өңірлік өнімі құрылымының 80-90%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі. Өткен жылы 610 мың гектардай алқапқа – дәнді дақылдар, 67 мың гектарға майлы дақылдар себілді, бұл шамамен Павлодар облысының егістік алқабына тең. Ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан, агроқұрылымдар 926 900 тонна астық (15,6 ц/га.), 45 000 тонна майлы дақылдар (8,2 ц.) жинады, салыстыратын болсақ, Павлодар облысының көрсеткіші – 410 мың тонна (6,06 ц.).

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егістік құрылымын әртараптандыруға арналған жұмыс жоспарлы түрде жүргізілуде. Соған орай бәсекеге қабілетті рапс пен зығыр дақылдарының алқабы 2013 жылмен салыстырғанда 36%-ға ұлғайды. Оған мемлекеттің қолдау тетіктері игі әсерін тигізді. Мысалы, мемлекеттің демеуқаржы түріндегі қолдауы 2014 жылы 663 млн. теңгеге артып, 1 млрд. 680 млн. теңгені құрады. Тек машина-трактор паркі 3,4 млрд. теңгенің 163 жаңа ауыл шаруашылығы техникасымен толықты. Биыл шығымдылықты арттыру және сұрып жаңарту үшін 657 тонна элиталық тұқым сатып алынды, минералдық тыңайтқыш сіңіру 55%-ға артып, 11 300 тоннаны құрады. 2015 жылы біржылдық шөп өсіруге бөлінетін демеуқаржы көлемі екі есе артады, бұл қосалқы шаруашылықтар үшін жемшөптің бағасына әсер етеді, тұқым шаруашылықтарының дамуына екпін береді. Ауданда көкөніс өсіру іс жүзінде жолға қойылмаған. Оның жалпы аумағы, тұрғындардың жеке бақшасын есепке алмағанда, 500 гектарды ғана құрайды. Суармалы көкөністің әр гектарына 80 000 теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бір гектар картоп 50-60 гектар бидай алқабының табысын береді десек, бұл жұмыспен түбегейлі айналысуымыз қажет.

Президент тапсырмасына сәйкес асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. “Қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру” жобасы және “Агробизнес – 2020” бағдарламасы аясында өткен жылы 2742 бас ірі қара сатып алынды. Соның нәтижесінде құрамында 1456 бас мал бар 5 репродуктор шаруашылық құрылды. Биыл 1200 малға арналған 3 мал бордақылау алаңын ұйымдастыру жоспарлануда.

“Сыбаға” бағдарламасы бойынша сомасы 60,3 млн. теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылып, 324 бас ірі қара алынды. “Құлан” бағдарламасымен 11 жоба (263 жылқы), “Алтын асық” бағдарламасымен 12 жоба (701 қой) жүзеге асырылды.

Ауданда 1706 шағын кәсіпкерлік субъектісі бар. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында сомасы 491 млн. теңгенің кредитін демеуқаржыландыру және сомасы 30 млн. теңгенің кредитіне кепілдік беру бойынша 5 жоба мақұлданды.

Облыс әкімінің бастамасы бойынша автожолдарды жөндеуге жаңа технологиялар қолданыла бастады, олар жолдардың сапасын арттыруға, құны мен энергия шығынын азайтуға, қызмет ету мерзімін ұзартуға және жолдардағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа әдіс “Жезқазған-Петропавл” және “Еленовка-Арықбалық-Чистополье-Есіл” автожолдарын қалпына келтіруге қолданылды. Бұл технологияларды биыл да пайдалану жоспарланып отыр.

Жолдаудағы басым бағыттардың бірі – қолжетімді тұрғын үй құрылысын дамыту. 2014 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 35%-ға артып, 5,7 млрд. теңгені құрады. Аумақтарды дамыту бағдарламасына сәйкес 8389 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы аясында Новоишимка ауылында сомасы 390 млн. теңгенің 50 пәтерлік тұрғын үйі іске қосылды. Соның арқасында соғыс ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, жетім балалар, тұрғындардың әлжуаз топтары және бюджет саласының қызметкерлері баспаналы болды.

Биыл 6,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.

Жолдауда сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға да баса мән берілген. Аудан тұрғындарының 91%-ы орталықтандырылған су жүйесін пайдаланады. Жер астының су көздері 9 елді мекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Бұл істі әрі қарай жалғастыру үшін 10 ауылда іздестіру-барлау жұмыстары жүргізіліп, биыл 4 ауылды жерасты суымен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттар (ЖСҚ) әзірленуде. Шаруашылық субъектілерінің де аталмыш өзекті мәселеге өзіндік үлестерін қосып жатқандығын атап айту керек. Мысалы, “Раисовское” ЖШС әлеуметтік әріптестік бойынша су тарату желілерінің құрылысы үшін ЖСҚ-ға өз қаражаты есебінен 12 млн. теңге бөлді, “Целинное – 2004” ЖШС 20 млн. теңге қаражатқа су тарату желілерін жүргізді және ұңғыма құдық қазды.

Апатты мектептердің мәселесін шешу үшін өткен жылы Буденное ауылында 90 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы басталды, оған облыстық бюджеттен 100 млн. теңге қаржы бөлінді. Биыл 1 қыркүйекте пайдалануға берілетін білім нысанының құрылысын аяқтауға 259 млн. теңге бөлінді. Мектепке дейінгі мекемелерде білім-тәрбие беру ісі де оң шешімін табуда. Ауданда 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшалармен және шағын орталықтармен қамту 100%-ды құрайды. “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру аясында Новоишим қазақ орта мектебі жанындағы “Қызылжар” шағын орталығы 25 орынға кеңейтілді, аудан орталығында 75 орындық “Астана” бөбекжай-балабақшасы пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысы бізге ауқымды міндеттер жүктеп отыр. Басты бағдарламалық құжат әрі қарай жұмыс істейтін нақты бағытымыз бен басымдықтарымызды айқындап берген және тиісінше қаржы ресурсымен бекітілген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің гүлденуі үшін алға қойылған мақсаттарымызға қол жеткіземіз.

Владимир ДУДОВ,

  Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp