«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ҒИБАДАТХАНА

Петропавл қаласындағы жаңа ғибадатхананың ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Ерік Сұлтанов жиналған жұртшылық алдында оның лентасын қиды.

– Жаңа ғибадатхананың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – православиелік христиандар үшін қуанышты оқиға. Бүгіндері баршамыз бейбітшілік пен достық жағдайында еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен табыстарына қуанып, айтулы мерекелерді бірге тойлаймыз. Жаңа діни орын келешек ұрпақтың мәдени, рухани тәрбиесіне де зор үлес қосарына сенімдімін, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Жаңа ғибадатхана Петропавлдың епископы болған, діндар Мефодийдің есіміне ие. Бұл нысан екі жылдың ішінде Оңтүстік-Сібір темір жолы әкімшілігінің қаржылай қолдауымен, сондай-ақ, жекелеген адамдардың қайырымдылығы негізінде бой көтеріп отыр. Болашақта Мефодий ғибадатханасының маңы кеңейтіліп, қасына Мария Магдалина шіркеуі салынбақ.

Діндар Мефодийдің облысымыздағы православиелік діни сенімді нығайтуға қосқан үлесі жөнінде Петропавл және Булаево қалаларының епископы Владимир:

– Мефодий өзінің бір өсиетінде адамның жан дүниесіндегі рухани байлық, дәстүр, мақсат-міндеттер ата-бабадан сіңірілетін құндылықтар екендігін баса айтады. Бүгінде біз оның көптеген ілімдерін негізге ала отырып, қызметімізді атқарып жүрміз, – деді.

Бұл ғибадатханаға темір жол маңындағы тұрғындар, Бензострой және Жұмысшы кенттерінің христиандары келіп, өздерінің діни ғұрыптарын атқара алады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp