
Өңірімізде сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға артқан. Дертті ерте кезеңде анықтау үшін жуырда өңірімізде заманауи қондырғы сатып алынды. Бұл туралы аталмыш дертпен күрес айлығы аясында облыстық онкологиялық диспансерде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
– Жыл басынан сүт безі қатерлі ісігімен ауыратындар саны 100 мың тұрғынға шаққанда 29 мың адамға жетті. Былтыр 152 нәзік жанда осы дерт анықталса, биыл 161 адамды есепке алдық. Жуырда диспансерге цифрлық томография әкелінді. Аталмыш қондырғының айырмашылығы ол тек скрининг жасап қана қоймай, аурудың бетін қайтаруға да көмектеседі, – деді облыстық онкологиялық диспансер бас дәрігерінің орынбасары Олег Дудяк.
Дәрігерлер аурудың алдын алу үшін әйелдерге жүйелі түрде тексеруден өтуге кеңес береді. Нәтижесінде ауру ерте кезеңде анықталып, ем-дом нәтижелі болады. Отырысқа №2 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Руслан Нұркеев те қатысып, медициналық мекемеде обырмен күрес күшейтіліп, қатерлі ісіктің бірнеше түрі бойынша скринингтік тексеру жүргізілетінін жеткізді.
Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ.