Биыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасындағы жұқпалы аурулар бөлімшесінде қосымша 85 орын ашылды. Соңғы жылдары емдеу мекемесінің материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Өткен жылы ауруханаға жаңа медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды.
Күн сайын ауруханаға 150-ден астам кішкентай науқас көмекке жүгінеді. Жұқпалы аурулар өршігенде сырқаттар саны артады. Мұндай сәтте өкпені жасанды желдету, эндоскопиялық жабдық, оттегі станциясы сынды жаңадан сатып алынған заманауи аппараттардың көмегі зор.
– Былтыр біз жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларын зерттеу үшін холтер мониторын сатып алдық. Генетикалық ауруды ерте анықтауға мүмкіндік беретін қондырғыға да қол жеткіздік. Ауруды дер кезінде анықтап, сырқатты диагностикалаудан өткізудің маңызы зор, – деді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов.
Дәрігер жаңа жабдықтар кішкентай науқастардың өмірін сақтап қалуға медициналық көмек сапасын арттыруға оң ықпалын тигізіп отырғанын жеткізді. Мәселен, аурухананың жансақтау бөлімінде өкпені жасанды желдету аппараты қолданылады. Облыстық аурухананың жансақтау бөлімшесінің медбикесі Ольга Шерстобитова аталмыш құрылғы салмағы жарты килограммнан аспайтын шақалақтардың жасанды тыныс алуына көмектесетінін айтты. Ал хирургия бөлімшесінде наркозды – тыныс алу аппараты қолданылады. Заманауи құрылғылар сырқаттың тыныс алу жағдайын бақылап, көмірқышқыл газының концентрациясын есептейді. Медицина қызметкерлері бала өмірін сақтау маңызды екенін атап өтті. Сондықтан дәрігерлер ата-аналарды бүлдіршіндердің денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Әсіресе, баланың дұрыс тамақтануы мен тынығуын қадағалауға кеңес береді.
Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,
облыстық денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз хатшысы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.