«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ҚЫЗМЕТТІҢ ЖҰМЫСЫ ЖЕМІСТІ

Ұлт жоспарының 30-шы қадамына сәйкес үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жергілікті полиция қызметі жұмысын бастаған. Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында жергілікті полиция қызметінің жыл басынан бергі атқарған жұмысы туралы айтылды.

Облысымызда 1006 жергілікті полиция қызметкері бар. Жергілікті полиция қызметін құру жөнінде жүргізілген реформа тәртіп сақшыларының құқық қорғау әлеуетін арттырып қана қоймай, оларды өздеріне тән емес қызмет түрлерін атқарудан босатқан. Бұл полицейлердің өздеріне тікелей қатысты жұмыспен айналысуларына, яғни қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз етулеріне мүмкіндік берген.

Солтүстік Қазақстан облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, өңіріміздегі мәдени-бұқаралық, саяси және спорттық шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіптің сақталуына жағдай жасалған. Жалпы тіркелген қылмыс 6,7 пайызға кеміген. Өткен жылғымен салыстырғанда қоғамдық орындарда жасалған қылмыс – 10,5, көшелерде орын алған құқық бұзушылық – 10,7, мас күйде жасалған қылмыстар – 0,9, тұрмыстық-отбасылық қарым-қатынастарға байланысты дау-дамайлар 30 пайызға азайған.

Ішкі істер департаменті, Ұлттық ұлан әскерилері, қоғамдық құрылымдар өкілдерінің қызметін тарта отырып, полицияның кешендік күштері мен жаяу патрульдер санын арттыру, торуылды үш ауысымда ұйымдастыру және оларды қоғамдық орындар мен Петропавл қаласы көшелеріндегі қылмыс көп жасалатын шағынаудандарға шоғырландыру оң нәтиже берген. “Жергілікті полицияның материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсартуға облыс бюджетінен 300 млн. теңге бөлініп, қажет жабдықтар алынды”, – дейді полиция полковнигі Қанат Айтбаев.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp