«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ҚҰРАМ — ТЫҢ СЕРПІН

Облыстық мәслихаттың жаңадан сайланған депутаттары қызметтеріне кірісті. Бейсенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың бірінші сессиясының отырысы өтті. Онда жаңадан сайланған халық қалаулылары ұйымдық мәселелерді қарады.

Сонымен, 31 депутаттың 30-ы қатысқан сессияда оның төрағасы болып №16 сайлау округінің депутаты Анатолий Рафальский сайланды. Осыдан кейін сөз алған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, облыстық мәслихат депутаттығына сайланғандардың бесеуі – әйел, орта жасы – 51.

Депутат Еркебұлан Мәмбетов облыстық мәслихаттың хатшылығына №31 сайлау округінен сайланған депутат Владимир Бубенконы ұсынды. Оның бұл ұсынысын әріптестері бір ауыздан қолдады. Ал облыстық мәслихаттың 3 тұрақты комиссиясының төрағалығына депутаттар Есжан Оразалин, Анатолий Рафальский және Райхан Әбдірахманова сайланды.

Ұйымдық мәселелер қаралып болғаннан кейін мінбеге көтерілген облыс әкімі Ерік Сұлтанов облыстық мәслихаттың жаңадан сайланған депутаттарын құттықтап, бесінші шақырылымдағы халық қалаулыларының атқарған ауқымды жұмысын тілге тиек етті.

– Бүгінгі таңда біз облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар орындалып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп дамып, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салынуда. Бұған депутаттық корпус зор үлес қосып отыр. Облыстық мәслихаттың жаңа құрамы өңірімізді дамытуға бағытталған жұмысты жалғастырып, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында, “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” – Ұлт жоспарында қойылған маңызды міндеттерді орындайтындығына сенімдімін, – деді облыс басшысы.

Ал осыған дейін облыстық мәслихат хатшысы болған Қайырлы Едіресов облыс әкіміне атқарған жұмыстарына жоғары баға бергені үшін бесінші шақырылым депутаттары атынан алғысын білдірді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp